Ссылки доступа

Үндістан Пәкістан аумағына әуеден соққы берді


Үндістан қарулы күші 26 ақпанда Пәкістанның Кашмир аумағына әуесоққы жасаған. Бұл жөнінде Үндістанның жергілікті ақпарат құралы үкіметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ресми мәліметке қарағанда, Үндістан қарулы күшінің 12 ұшағы "Жаиш-е-Мұхаммад" (JeM, "Мұхаммед армиясы"), "Хизбул Муджахиддин" (Hizbul Mujahideen) және LeT содырлар лагеріне салмағы бір тоннадай болатын бомба лақтырған. ANI үнді агенттігінің хабарлауынша, Балакот, Чакоти және Музаффарабада террористік лагерлері бомбалау салдарынан толық жойылған. "Мұхаммед армиясы" бақылау бекеті де толық жойылған.

"Бұл елді қорғау үшін маңызды қадам болды. Премьер-министр Нарендра Моди қарулы күшке еркін әрекет етуге рұқсат берді", – деп мәлімдеді адам ресурстарын дамыту министрі Пракаш Джавадекар.

Үндістанның сыртқы істер министрі Виджай Гокхале содырлар Үндістан аумағына шабуыл жасамақ болды деп мәлімдеді. Ол әуе соққысының салдарынан террористік топтардың сарбаздарымен бірге басшылары да қаза тапты деді.

Пәкістан үкіметі Үндістанның әскери ұшағы Музафарабадқа (Кашмир) шабуыл жасағанын растады. Бірақ содырлар лагерінің жойылғаны, не жойылмағаны жөнінде әзірге ешқандай ақпарат бермеді.

Кашмир аймағы 1947 жылдан бері Үндістан мен Пәкістан арасындағы дауға себеп болып келеді. Британдық Үндістан тәуелсіздік алғаннан кейін бұл аймақ діни сенімге байланысты екіге бөлінген. Қазір Кашмирде мемлекеттік шекара жоқ.

XS
SM
MD
LG