Ссылки доступа

Дереккөз: Худжант түрмесіндегі бүлікті ұйымдастырушы "Махановтар бандасының" мүшесі


Амирали Давлатов
Амирали Давлатов

Тәжікстанның Худжанд түрмесіндегі бүлікке қатысты сот процесі басталар алдында тәртіпсіздікті ұйымдастырушылардың бірінің аты-жөні белгілі болды.

Тергеу мәліметі бойынша, Куляб тұрғыны, терроризм үшін 19 жылға сотталған 42 жастағы Амирали Давлатов төрт ай бойы бүлік ұйымдастыруға дайындалған. Былтыр қараша айында колонияда орын алған жаппай тәртіпсіздік кезінде 21 сотталушы өлтірілген. Бүлік кезінде екі түрме қызметкері қаза тауып, бес күзетші ауыр жараланған.

Соғды облысы прокуратурасындағы дереккөз Амирали Давлатовтың бүлікті ұйымдастырушының бірі болғанын айтады. Ол "Махановтар бандасының" мүшесі болған. 2014 жылы Тәжікстан Жоғарғы соты Алимурод Махановты терроризм үшін айыптап, 21 жылға соттаған. Сол кезде Амирали Давлатов 19 жылға бас бостандығынан айырылған.

​Арнайы қызметтің мәліметі бойынша, Маханов Өзбекстанның Ислам қозғалысының белсенді мүшесі.

Дереккөздің айтуынша, Амирали Давлатов бүлікті ұйымдастырушы болғанымен, өзі жаппай тәртіпсіздікке қатыспаған. «Сол түні оған әйелі келген, сол себептен Давлатов орнында болмады. Жоспар бойынша, Амирали Давлатов сотталушылардың әйелдерін кепілдікке алу керек болған. Бірақ аяқ астынан жарық сөніп, ол ойындағысын жүзеге асыра алмаған», - дейді дереккөз.

Амирали Давлатовтың анасы Тошби Ашурмадова ұлына жаңа айыптар тағылып жатқанынан хабардар. Бірақ ол ұлының бүлікті ұйымдастырғанына сенбейді. «Сол түні менің келінім колонияда болды. Ол күйеуінің заңға қайшы әрекеттерін байқамаған», - дейді сотталушының анасы.

Өткен аптада Худжанд түрмесіндегі бүлікке қатысты деген 30-дан астам сотталушының ісі Жоғарғы сотқа берілгені мәлім болды.

XS
SM
MD
LG