Ссылки доступа

Пәкістан үнді ұшқышын "бейбітшілік үшін" босатуға дайын


Имран Хан парламентте сөйлеп жатыр
Имран Хан парламентте сөйлеп жатыр

Пәкістан жұма күні Үндістан әскерінің ұшқышын босатпақшы. Бұл жөнінде парламентте Пәкістан премьер-министрі Имран Хан мәлімдеді. Оның сөзінше, ұшқыш "бейбітшілік үшін" босатылады.

Бірер күн бұрын Пәкістан әскері аумағында ұшқан Үндістан қарулы күшінің екі ұшағын атып түсіргенін мәлімдеген. Соңғы кезде екі ел арасындағы дау өршіп барады. Жергілікті ақпарат агенттіктері екі елдің даулы аймағы Кашмирде атыс жиілегенін жазады. Пәкістан әуе кеңістігін жапты. Еуропадан Оңтүстік-Шығысқа ұшатын мыңдаған рейс тоқтап қалды.

Reuters агенттігі соңғы күндері әлеуметтік желілерде Кашмирдегі әскери шабуылдарды бейнелейтін суреттер мен видеолардың жарияланып жатқанын хабарлайды. Бірақ тексеру барысында олардың денінің монтаждалып берілген ескі ақпараттар екенін атап өткен.

Кашмирдегі жағдай Үндістан Пәкістан аумағындағы содырлар лагеріне әуе соққы бергеннен кейін, ушығып кетті. Әуе соққысы Кашмирде 14 ақпанда болған терактіге жауап ретінде болған. Жарылыстан үнді ішкі әскерінің кемінде 40 сарбазы қаза тапқан. Терактіні "Жаиш-е-Мухаммад" ұйымы мойнына алған. Пәкістан Үндістан әуеден атқылаған аймақта ешқандай террористер болған емес дейді.

Құрама Штаттар мен өзге елдер Үндістан мен Пәкістанды сабырға шақырып, диалогқа көшуге кеңес берді.

XS
SM
MD
LG