Ссылки доступа

Атамқұлов: Қытайда ұсталған қазақтар саны 80 пайызға азайды


4 наурызда парламент мәжілісінде өткен үкімет сағатында сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов "2019 жылы Қытайда қос азаматтыққа ие 33 адам қамауға алынған" деп мәлімдеді. Министрдің сөзінше, "оның 20-сы Қазақстанға қайтарылған".

Мәжілісте "Ақжол" партиясынан депутат, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Берік Дүйсенбинов министр Атамқұловқа Қытай қазақтарының ахуалы жайлы сұрақ қойған.

Сауалға жауап берген Атамқұлов "биыл қамауда отырған қазақтар жайлы министрлікке 1387 арыз түскенін айтты".

- Түскен арыздар бойынша әр адаммен бөлек жұмыс істеп жатырмыз. Себебі әрбірінің жағдайы әртүрлі. [Қытайдағы] лагерьлерінің мәселесі бүкіл әлемде мұсылмандардың құлағын шулатып жатыр. Негізі Қытайдың өзінің ішкі саясаты бар. Бірталай дипломат сол лагерьлерді көрді. Бүкіл әлем [Қытайға] қатты қысым жасап жатыр, - деді ол.

Атамқұловтың сөзінше, Қытайдағы этникалық қазақтар "жеңілдік алып жатыр".

- Бізге түскен мәлімет бойынша, Қытайда ұсталған қазақтар саны 80 пайызға азайған. Бәрін шетінен босатып жатыр. Биыл қазақтар тағы да жеңілдік алып жатыр. Ішкі істер министрлігімен, басқа да органдармен жұмыс істеп жатырмыз, - деді министр.

Шыңжаңдағы мұсылмандардың қысымға ұшырауы және ондағы лагерьлер туралы ақпарат 2017 жылдың басынан бастап шыға бастады. БҰҰ дерегінше, мұндай лагерьлерде миллионға дейін мұсылман отыруы мүмкін. Қытай мұндай қамау орталықтарының барын мойындағанмен оларды түрлі "кәсіпке баулитын мекеме" ретінде көрсеткісі келеді. Олар қамау орталықтарында "батыс құқық қорғаушылары айтқандай, қысым мен азаптаудың жоқ екенін" айтады.

Қытай билігінің түсіндіруінше, мұндай амалдар Шыңжаң аймағында терроризм мен экстремизм қаупін сейілтіп, азаматтарды "радикалды діни ағымдар" жетегінде кетуден сақтайды.

Қытайда тұратын этникалық қазақтардың туыстары бұған дейін Қазақстанның ірі қалаларында баспасөз конференциясын өткізіп, Астана мен Пекиннен көмек сұраған. Кейбір азаматтар Қазақстандағы Германия, АҚШ елшіліктеріне барып, мәселеге араласуын өтінген.

Бұған дейін Қытайдың батысындағы жағдайға байланысты Еуроодақ, Human Rights Watch ұйымы алаңдаушылық білдірген.​

XS
SM
MD
LG