Ссылки доступа

Sunday Times: Трамп Кимнен құпия зауытты жабуды талап еткен"


АҚШ президенті Дональд Трамп пен Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ын келіссөзінің сәтсіз аяқталуына Трамптың Кимнен "уран қорын байытумен айналысатын құпия зауытты жабу талабы" себеп болған. Бұл туралы ұлыбританиялық Sunday Times газеті жазады.

Басылым дерегінше, Ханойда өткен саммит кезінде Вашингтон "америкалық барлау қызметі Пхеньян іргесінде орналасқан "Кангсон" аталатын құпия нысанды анықтағанын" айтқан. Трамп Кимнен осы нысанды жоюды талап еткен, бірақ Солтүстік Корея лидері бұған келіспеген. Кездесуден соң екі ел басшылары саммит өткен қонақүйден жеке көліктерімен жоспарланған уақыттан ертерек кетіп, ортақ келісімге қол қою рәсімі болмайтынын хабарлаған.

Басылым жазуынша, АҚШ барлау қызметі Чхоллима қаласындағы нысанды спутник суреттерін зерттей отырып анықтаған. Бұл зауыт туралы баспасөзде бұрын да айтылған, бірақ ол жайлы әңгіме "Йонбендегі ядролық нысанға қатысты талқының тасасында қалып қоя берген".

Трамп келісімнің сәтсіз аяқталуына Кимнің "Солтүстік Кореяға қарсы экономикалық санкциялардың күшін толық жою талабы себеп болды" деген.

АҚШ-Солтүстік Корея саммиті Вьетнам астанасы Ханойда 27 ақпанда басталған. Саммиттің бірінші күні екі ел басшылары журналистер алдында қысқа кездесу өткізіп, соңынан кешкі ас ішкен. Келіссөздің негізгі бөлігі 28 ақпанда өткен.

Өткен жылғы Сингапурдағы алғашқы саммитте Трамп пен Ким Корей түбегін ядролық қарудан толық арылту жөнінде бірлескен декларацияға қол қойған. Алайда кейінірек ақпарат құралдары Солтүстік Кореяның ядролық қаруын қайта дамытып жатқанын жазған.

XS
SM
MD
LG