Ссылки доступа

CPJ Астананы Азаттық тілшісі Тойкеннің кәсіби қызметіне кедергі келтірмеуге шақырды


"Журналистерді қорғау комитеті" (CPJ) Қазақстан билігін Азаттық тілшісі Сәния Тойкен мен өзге де әлеуметтік мәселелерді жазатын журналистерді қудаламауға шақырды.

Бейсенбі күні, 14 наурызда, кешке жарияланған мәлімдемесінде ұйым Қазақстан билігін Жаңаөзендегі жұмыссыздар наразылығынан хабар таратып жүрген Сәния Тойкеннің қалалық соттың айыппұл салу туралы шешіміне түсірген аппеляциясына қарсылық білдірмеуге шақырады.

Мәлімдемеде "Тойкен азаматтар наразылығынан хабар таратқаннан соң әкімшілік жауапқа тартылды" деп жазылған.

12 наурызда Жаңаөзендегі жұмыссыздар наразылығынан хабар таратып жүрген Азаттық тілшісі Сәния Тойкенді Жаңаөзен қаласының мамандандырылған әкімшілік соты "полицияға бағынбады" деп танып, 20 айлық есептік көрсеткіш (50 500 теңге, не 133 АҚШ доллар шамасында - ред.) көлемінде айыппұл салған.

Полиция оны 11 наурызда Жаңаөзендегі дәмханалардың бірінің алдынан жанжалдың "куәгері" ретінде ұстап әкеткен. Оны "ештеңе көрмедім" дегеніне қарамай, қасындағы танысымен бірге көлікке салып полицияға жеткізген.

Полиция Сәния Тойкенді бір ай ішінде түрлі себеппен үш рет ұстап әкеткен.

Бұдан бұрын, 27 ақпанда, Жаңаөзенге барған Азаттық тілшілері - журналист Сәния Тойкен мен оператор Санат Нұрбековті полиция ұстап, бес сағаттан астам уақыттан кейін қайта босатқан. Полиция журнистерге не үшін ұстағандарын түсіндірмеген, бірақ "Жаңаөзенге не мақсатпен келгендерін" сұраған.

Маңғыстау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Әйгерім Ибадуллаеваның Азаттыққа хабарлауынша, Сәния Тойкен "бір азаматтың арызы бойынша" ұсталған.

2017 жылы Сәния Тойкен журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленген. Ол - бұл сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

1 наурызда Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) баспасөз еркіндігі жөніндегі өкілі Арлем Дезир 27 ақпанда Алматы, Жаңаөзен және Орал қалаларында бірнеше журналист пен блогердің ұсталуына байланысты алаңдаушылық білдірген.

ЕҚЫҰ өкілі мәлімдемесінде "журналистердің кәсіби міндетін орындауға кедергі ететін аз уақытқа ұстау тәжірибесіне алаңдайтынын" айтқан. Оның сөзінше, "әлеуметтік наразылық пен қоғам үшін маңызды мәселелерді көпшілікке жеткізу міндетін атқарған журналист кәсіби жұмысы үшін жазаланбауы тиіс".

XS
SM
MD
LG