Ссылки доступа

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президенті қызметіне кірісті (видео)


Касым-Жомарт Токаев
Касым-Жомарт Токаев

20 наурызда Астанада Қазақстан парламентінің бірлескен отырысында сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президентінің өкілетін қабылдап, ант берді.

- Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бірлескен отырысқа елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев, үкімет мүшелері, президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар басшылары, Қазақстанда тіркелген шетелдік миссиялардың басшылары, сенат пен мәжіліс депутаттары қатысты.

Конституцияның 48-бабының 2-тармағына сай, Тоқаевтың ант беру рәсімі Орталық сайлау комиссиясының келісімімен өтті.

Президент қызметіне кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет астанасына елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беруді ұсынды. "Қазақстан астанасын Нұрсұлтан деп атауды ұсынамын" деді Тоқаев.

Бұған қоса Тоқаев тұңғыш президенттің құрметіне ел астанасында монумент орнатуды, барлық облыс орталықтарындағы басты көшелерге Нұрсұлтан Назарбаевтың атын беру туралы ұсыныс айтты.

Президент қызметіне кіріскен Тоқаев алғашқы жарлығымен Нұрсұлтан Назарбаевқа "Халық қаһарманы" атағын беріп, "Алтын қыран" орденін тапсырды. Тоқаев Назарбаевты "саяси ұстазым" деп атап, алғысын білдірді.

19 наурызда Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев республикалық телеарналардан халыққа үндеу жасап, президенттік өкілетін тоқтататынын мәлімдеген еді.

Назарбаев президент ретінде қол қойған соңғы жарлыққа сәйкес, оның президенттік өкілеті 20 наурызда тоқтатылды.

Ел конституциясының 48-бабының 1-тармағына сәйкес, Қазақстан президентінің өкілеті мерзімінен бұрын тоқтатылғандықтан қалған мерзімде оның өкілеті парламент сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа көшеді. Ол бұл қызметті жаңа президент сайланғанға дейін атқарады.

XS
SM
MD
LG