Ссылки доступа

Сот Светлана Глушкованың судья және прокурордан бас тарту шағымын қанағаттандырмады


Астана әкімшілік соты «Настоящее Время» телеарнасының тілшісі Светлана Глушкованың судьядан және прокурордан бас тарту шағымын қанағаттандырмады. 21-22 наурызда Нұр-Cұлтандағы наразылық шарасын түсіру кезінде, жас қыз журналистке қарсы "ұрды" деп шағымданған.

Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 73-2 бабы («Сабау») бойынша іс қозғалған. Бұл іс бойынша айыпты деп танылғандар айыппұл төлейді не 10 тәулікке қамауға алынады. Светлана Глушкова өзіне тағылған айыптарды теріске шығарып, кәсіби қызметіне әдейі кедергі келтірді деп санайды.

Сейсенбі күні журналисті қолдауға ондаған азамат келді. Олардың бәрін сот залына қатаң тексеруден өткізді. Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның айтуынша, журналисті қолдауға бармақ болған төрт белсендіні үйінің алдында ұстап алып кеткен.

Астана қалалық соты Уәлихан Рахматуллаев журналистің судья Әсия Досжановадан бас тарту шағымын қанағаттырмау туралы шешім шығарды.

Мұнан соң журналист Глушкова прокурор Байғазиевтен бас тарту туралы шағым түсірді. Арызды тыңдаған судья Рахматуллаев шешім қабылдау үшін үзіліске шықты да, келген соң журналистің бұл өтініші де қанағаттандырылмайтынын айтты.

Журналистің адвокаты Бауыржан Азанов хаттамалармен танысу үшін үзіліс сұрады.

Азаттық тілшісінің айтуынша, сыртта полиция мен байланыстан ажыратқыш құрылғысы бар көлік тұрды.

"Настоящее время" (Азаттық пен "Америка дауысы" радиоларының бірлескен жобасы) журналисі Светлана Глушкованы мұның алдында да полиция қамап, соңынан босатқан. Биылғы 22 наурызда Нұр-Сұлтан және Алматы қаласында полиция адамдарды ұстаған кезде Азаттық радиосы мен "Настоящее время" тілшілеріне белгісіз адамдар кедергі жасап, Светлана Глушкованы полицейлер қамаған.

"Азат Еуропа/Азаттық радиосы" медиакорпорациясы президенті міндетін атқарушы Дэйзи Синделар бұл оқиғаны "тәуелсіз журналистерге қысым және саяси оқиғалардан хабар таратуға тырысқан ақпарат құралдарын бақылауда ұстау әрекеті" деп атаған.

XS
SM
MD
LG