Ссылки доступа

Өзбекстан бас прокуратурасы: Рашид Қадыров денесінен ұрып-соғу іздері байқалмады


Өзбекстанның бас прокуратурасы осы мекеменің істі болған бұрынғы басшысы Рашид Қадыров денесінен ұрып-соғу іздері байқалмағанын мәлімдеді.

Бұның алдында Amnesty International адам құқықтарын қорғау ұйымы Рашид Қадыровты азаптаудан қорғауға шақырған еді. Бас прокуратура ұйым мәлімдемесіне жауап берді.

"Тергеу басталған уақытта-ақ Қадыровқа құқығын қорғауға жағдай жасалған, адвокаттар тергеу амалдарының барлығына қатысуына мүмкіндік берілді, шектеу қойылмады" делінген Бас прокуратура жауабында.

Бұған қоса Қадыровтың денсаулығын ІІМ медициналық мекемелері қызметкерлерінің бақылауында екені айтылған. Сот-медициналық сараптама айыпталушы қамауда ұстауға болатынын көрсеткен.

Өзбекстанның 67 жастағы бұрынғы бас прокуроры Қадыров өткен жылы ақпан айында ұсталды. Оған қызмет бабын асыра пайдаланды, пара алды, ақша бопсалады деген айыптар тағылған.

Рашид Қадыров ісі бойынша сот биыл 7 қаңтарда Ташкенттің Юнусабад аудандық сотында басталды. Сот жабық өтіп жатыр.

XS
SM
MD
LG