Ссылки доступа

Тәжікстанда велотуристерге шабуыл ұйымдастырушының әйелі Ирак түрмесінде отыр


Кори Носир
Кори Носир

Тәжікстан арнайы қызметінің хабарлауынша, Душанбе-Дангар тас жолында шетел велотуристеріне шабуыл ұйымдастырушы Кори Носирдің (Носирхуджи Убайдов) екінші әйелі Ирак түрмесінде отыр. 43 жастағы тәжік әйелі Махсира Шарифова 2018 жылдың басында Мосулда ұсталған.

Дангар-Душанбе жолындағы қайғылы оқиға өткен жылы 29 маусымда тіркелді. Радикалды көзқарастағы бір топ адам шетел азаматтарына шабуылдаған. Терактіден төрт адам қаза тапты, екі адам қатты жараланды.

Шабуыл жауапкершілігін "Ислам мемлекеті" экстемистік тобы мойнына алды. Бірақ тәжік билігі бұл оқиғаға елде тыйым салынған Тәжікстан ислам өркендеу партиясын айыптап отыр.

"Махсира Шарифова телефонмен болған әңгімеде Кори Носир Сирияда қаза тапқан болуы мүмкін екендігін айтты", - деп хабарлады Тәжікстан құқыққорғау органдарындағы дереккөз. Шарифова күйеуін соңғы мәрте 2018 жылдың басында көргенін айтқан. Кори Носир "Ислам мемлекеті" тобында идеологиялық жұмыстармен шұғылданған деді ол.

Махсира Шарифованың бауыры Абдулло Шарифов қазір Фархор ауданында тұрады. "Әпкемнің Иракта тұтқындалғанын Дангардағы терактіден соң ғана білдім. Сол кезде маған арнайы қызмет өкілдері келіп, әпкем туралы мәлімет сұрады", -деді Шарифов. Оның айтуынша Махсира 2000 жылы Иранда Кори Носириге құпия түрде үйленген.

Дангарда велотуристерге шабуылдаған топ жетекшісі Хусейн Абдусамадов Иранға оқуға Кори Носиридің көмегімен барғанын мәлімдеген. Өткен жылы қарашада Душанбе соты Абдусамадовты өмірлік түрме жазасына кесті.

Тәжікстан ислам өркендеу партиясы терактіге қатысы бар деген айыптарды жоққа шығарды.

Тәжікстан Ирактан 92 бала және 43 әйелді елге қайтаруды көздеп отыр. Дереккөз мәліметі бойынша, Махсира Шарифова да елге қайтуға көмектесуін сұраған.

XS
SM
MD
LG