Ссылки доступа

Қырғызстанда төлқұжат тендеріндегі коррупция бойынша үш шенеунік ұсталған


Қырғызстанда электронды төлқұжат дайындау үшін өткізілген тендерде заң бұзушылықтар орын алды деп тағы үш шенеунік тұтқынға алынды.

Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) олардың аты-жөнін атамай отыр. Бірақ бірқатар БАҚ ұсталғандардың «Инфоком» мемлекеттік кәсіпорнының жетекшісі Талант Абдуллаев, Мемлекеттік тіркеу қызметінің (МТҚ) статс-хатшысы Данияр Бакчиев және МТҚ төраға орынбасары Русланбек Сарыбаев екенін хабарлайды. Олар қазір тергеу абақтысында.

ҰҚМК таратқан мәлімет бойынша, 2018 жылы Мемлекеттік тіркеу қызметі электронды төлқұжат жасау үшін 1,2 млрд сомға тендер жариялаған. Оған бес шетелдік компания қатысқан. Оның бірі ең аз 686 млн 772 мың сом ұсынған. Бірақ 940 млн 150 мың сом ұсынған компания жеңімпаз атанған.

Сонымен бірге аталған компания электронды төлқұжатты дайындауда көптеген жылдар бойы тәжірибесі бар, әлемге танымал үздік компанияларды байқауға қатыстырмаған.

Ақпан айының соңында Қырғызстан бас прокуратурасы бұл іс бойынша мемлекеттік қазынаға 253 млн 377 мың сом шығын келді деген айыппен іс қозғаған.

Бұл іс бойынша әзірге 15 адамға қылмыстық іс қозғалған. Оның арасында Мемлекеттік тіркеу қызметінің қазіргі басшысы Алина Шаикова да бар.

2019 жылдан бастап халыққа электронды төлқұжат беріле бастау керек болған.

XS
SM
MD
LG