Ссылки доступа

"Мегаком" басшысы қырғыз премьерінің бажасы қысым көрсеткенін мәлімдеді


Қырғызстан парламентінде "КТ Мобайл" қызметін зерттеу жөніндегі депутаттық комиссияның алғашқы отырысы өтті. Депутаттардың сауалдарына жауап берген "Альфа Телеком" бас директоры Акылбек Жамангулов премьер-министрдің бажасы Иманкадыр Рысалиев тарапынан қысым жасалғанын мәлімдеді.

"Иманкадыр Рысалиев 3-4 мәрте үкіметте жиналыс өткізді. Ол үш мәрте президент аппараты жетекшісінің орынбасарын кеңседе қабылдады. Сол кезде осы жобаны ["КТ Мобайл" мобильді операторын] тезірек жүзеге асыру тапсырылды. Бұған қоса 2-3 апта бұрын Байланыс мемлекеттік комитетінің жиналысы өтті, оны Рысалиев жүргізді", - деді Жамангулов.

Ол депутаттық комиссияға қорқыту-үркіту хабарламаларының көшірмесін беруге уәде етті.

"Мен бұл жобаға қарсы шыққандықтан, қорқыта бастады. "Сенің, отбасыңның, балаларыңның түбіне жетем" деп қорқытты", - деді "Альфа Телеком" бас директоры.

Иманкадыр Рысалиев "КТ Мобайл" баласы жұмыс істейтінін, бұдан басқа оның бұл компанияға қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Бірақ 15 мамырда оның ұлы Эрназар Иманкадыр уулу "КТ Мобайл" бас директорының орынбасары қызметінен кетті. Рысалиев - Қырғызстан премьер-министрі Мұхаммедкалый Абылгазиевтің бажасы.

Парламент депутаты Жанар Акаев бұл даудың арты үкіметке сенімсіздік вотумын жариялауға әкелуі мүмкін екенін мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG