Ссылки доступа

Тәжікстанда бүлік шыққан түрме бақылаушыларын жауапқа тартады


Тәжікстанның Вахдат қаласындағы колонияда 19 мамырда болған бүліктен соң 5 бақылаушы және шамамен 40 жазасын өтеуші жауапқа тартылады. Бас прокуратура жаппай тәртіпсіздік кезінде қауіпсіз жерде тығылып қалған бақылаушыларға қарсы қылмыстық іс қозғады.

Биліктің ресми нұсқасы бойынша, "Ислам мемлекеті" тобын жақтаушылар түрмеде бүлік шығарған. Олар бірнеше бақылаушыны кепілге алып, кейін олардың үшеуін өлтірген. Бүлік бастағандар 29 жазасын өтеушіні де аяусыз қырған.

Дегенмен Тәжікстан билігін сынаушылар ресми нұсқаға сенбейді. Тәжікстан ұлттық альянсы тәуелсіз халықаралық комиссия құруды талап етті.

Әділет министрлігіндегі дереккөз мәліметіне қарағанда, Бас прокуратура қызметкерлерінің түрмедегі тергеуі әлі аяқталмаған. "Бас прокуратура бүлік кезінде қауіпсіз жерде тығылып қалған бес бақылаушыға қылмыстық іс қозғады. Шамамен қырық жазасын өтеуші бүлікке қатысқаны үшін жазалануы мүмкін. Колония басшысы Махмад Абдуллоев та жауапқа тартылады", - деді дереккөз.

Тәжікстан әділет министрлігі бүлікті полковник Гүлмұрод Халимовтың ұлы Бехруз Гүлмұрод басқарған деп есептейді. Халимов 2015 жылы Сирияда "Ислам мемлекеті" экстремистік тобына қосылған.

XS
SM
MD
LG