Ссылки доступа

Тәжік сенатының спикері Ресейде қорланған мигранттарды қолдап мәлімдеме жасады


Тәжікстан парламенті сенатының спикері Махмадсаид Убайдуллоев Ресейде спортшы Сергей Чуевтің өліміне қатысы бар деп ұсталған тәжіктердің қорлануына байланысты мәлімдеме жасады. Қайғылы оқиға 8 маусымда Мәскеу саябағында болған.

«Әрбір қылмыс адам құқықтарын қорғай отырып, заң аясында тергелуі тиіс», - деп мәлімдеді спикер 12 маусымда жалпы отырыс кезінде.

Ұсталған мигранттардың жыртық киімдерімен жартылай жалаңаш тұрғызып қойған суреттері әлеуметтік желіге тараған. Бұл тәжік халқының наразылығын туғызды.

Мәскеудің тергеу комитетінің мәліметінше, спортшы Сергей Чуев құрбысымен бірге саябақта жүргенде, былапыт сөздер айтып тұрған топқа ескерту жасаған. Осыдан жанжал туындаған, кейін бір топ жігіттер қызға және саябақта демалып жүрген адамдарға да қол көтере бастаған.

Бірақ куәгерлердің айтуынша, Сергей Чуевтің өзі мигранттарға тиісіп, төбелеске шақырған. Ресейде мигранттар құқығын қорғайтын Каримджон Ёровтың айтуынша, спортшы суға құлап түсіп, тұншығып қалған. "Саябақта адамдар көп болған, бірақ олар неге спортшыны судан шығарып алмаған? Екінші жағынан тәжік мигранттары Чуевты ұрғаны рас, бірақ олар бірден оқиға орнынан қашып кеткен", - дейді Ёров.

Бір топ тәжік мигранттары 8 маусымда Мәскеу орталығында ұсталды. Олардың алтауына Сергей Чуевті өлтірді деген айып тағылды. Ал қалған екеуі Тәжікстанға депортацияланды.

XS
SM
MD
LG