Ссылки доступа

Атамбаев: Жээнбековтің президенттігін заңды деп есептемеймін (видео)

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев өзінің экс-президент мәртебесін алып тастаған парламент шешіміне пікір білдірді. Ол өзіне қарсы қылмыстық іс қозғалған жағдайда, тергеуге бармайтынын мәлімдеді.

"Менің адвокатым бар. Егер прокуратурада сұрақтар пайда болса, жазбаша жауап береміз. Маған таққан айыптардың бәрі – жалған. Тергеудің қалай жүріп жатқанын көріп отырмыз. Мусакеев пен Матраимовты салыстырыңыз, қандай айырмашылық бар!", - деді Атамбаев өзі тұратын Кой-Таш ауылында жиналған жақтастарының алдында сөйлеген сөзінде.

Бұрынғы президент елінің бір жыл бұрын "заң аясынан шығып кеткенін" мәлімдеді. Атамбаев "бұл билік тек өзінің адамдарын ғана қорғауды біледі, ұнамайтындарын түрмеге отырғызып жатыр" деді. Ол елін тастап ешқайда кетпейтінін де жеткізді. "Бұл менің отаным. Қашатындар – басқа адамдар. Егер кімде-кім мені құртқысы келсе, ерте ме, кеш пе, өздері қашып кетеді", - деп жауап берді тілшілердің сұрағына.

Экс-президент сонымен бірге қазіргі президент Сооронбай Жээнбековке қатысты, "оның легитимдігі күмән келтіреді" деп мәлімдеді.

Президент сайлауы кезінде Сооронбай Жээнбековтің кандидатурасына қолдау көрсеткен Атамбаев "адамның қателесетінін" айтқан. "Пайғамбар мен де адаммын, мен де қателесемін деген. Ал мен пайғамбар емеспін. Менің айналамдағы достарыма қараңдар... Ең жақын досым Жээнбеков болды, екіншісі – Иса Омуркулов. Бірақ мен адамдардың болашақтағы іс-әрекетін болжай алмаймын", - деген.

Бұрынғы президент еліндегі өзге оппозициялық партия өкілдерімен бірігуге дайын екенін де мәлімдеді.

Атамбаевтың жақтастары қазіргі президент Сооронбай Жээнбеков пен парламентке 8 талап қойып отыр. Егер орындамаған жағдайда, олардың биліктен кетуін талап етпек. Атап айтқанда олар Жээнбековтен "парламентке, күш құрылымдарына және сот органдарына тапсырма беруді тоқтатуды" талап етті. Олар сонымен бірге "сұр шинелділерді" саясатқа араластырмауын сұрап, саяси тұтқындар босатылу тиіс деді. Ал депутаттар "мінберді қару ретінде пайдалануды тоқтату керек" деп талап қойды.

"Егер бұл талаптар тез арада орындалмаса, биліктің ауысуын талап етеміз. Біздің мұндай жолға баруымызға кландық басқару итермелеп отыр", - деп мәлімдеді баспасөз мәслихатын өткізушілер.

Жогорку Кеңеш 27 маусымда Алмазбек Атамбаевты экс-президент мәртебесінен айырды. Бұл шешімге 109 депутаттың 103-і қолдап дауыс берді.

Осының алдында Бас прокуратура Атамбаевқа тағылған жемқорлық, заңсыз баю және лауазымын асыра пайдалану сияқты айыптарға негіз тапқан.

XS
SM
MD
LG