Ссылки доступа

Астанада Ақордаға бармақ болған ондаған әйелді полиция бөгеді (видео)


Бүгін, 12 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласында 30 шақты әйел әлеуметтік көмек пен баспана талап етіп, наразылық білдірді. Қала орталығындағы "Нұрлы жол" бульварынан шығып, Ақордаға бармақ болған жолда оларды полиция бөгеп тұр.

Жиналғандар баспана мәселесін тез арада шешіп беруді талап етеді. Олармен кездесуге еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Светлана Жақыпова келіп, аналарды министрлік ғимаратына кіріп, мәселені жеке-жеке қарауға шақырды.

Алайда жиналғандар бұған дейінгі кездесулерден еш нәтиже шықпағанын, баспананы үлестіру шарттарының күрделі екенін, аналардың айлық табысы аз болғандықтан үкімет ұсынған баспананы алуға жағдайлары жоқ екенін айтты. Мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған кейбір аналар өздеріне баспана алуға мүмкіндік беретін бөлек тізім жасауды сұрады.

Нұр-Сұлтан уақытымен таңертеңгі сағат 11-де жиналған аналар наразылығы әлі жалғасып жатыр.

Биыл ақпанда Нұр-Сұлтандағы уақытша баспананың бірінде өрт шығып, бір отбасының бес баласы қаза тапқан. Балалардың ата-анасы түнгі ауысыммен жұмысқа кеткені айтылған. Осы оқиғадан соң Қазақстанның бірнеше қаласында аналар наразылығы өткен. Көп балалы, жалғызілікті және мүгедек бала бағып отырған аналар үкіметтің әлеуметтік көмегін сынап, биліктен баспана сұраған.

Қазақстанда көп балалы әйелдер, жалғызбасты аналар мен мүгедек баласы бар әйелдер наразылық білдіріп, әкімдіктерге, парламент пен үкіметке де жиі барып жүр. Олар биліктен жәрдемақы мен баспана мәселесін шешуді талап етеді.

Мамыр-маусымда Нұр-Сұлтанда әйелдер үкіметке және Ақордаға барып, бірнеше рет Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев не премьер-министр Асқар Маминнің кездесуге шығуын талап еткен. Бірақ оларға Назарбаев, Тоқаев не Мамин шыққан емес. Олардың орнына еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Астана әкімдігінің өкілдері, мәжіліс депутаттары шығатын. Әйелдер министр, әкімдер, депутаттардың уәдесінен шаршағанын, мәселелерін биліктің басындағыларға жеткізгісі келетінін айтады.

Қазақстан билігі «әр ананың арызының заңды-заңсыздығын тексеретінін» мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG