Ссылки доступа

Рахмон мен Жээнбеков шекара тұрғындарын көршімен тату тұруға шақырды


Тәжікстан және Қырғызстан президенттері 26 шілдеде таңертең Ворух-Ак-Сай шекара аумағындағы тұрғындармен кездесіп, оларды көршімен тату тұруға шақырды.

Осы жиналысқа қатысқан Ворух жамағатының имамы Қожа Домулло Мукомиддин Азаттық радиосының тәжік қызметіне президенттердің сөзін жеткізді.

"Кездесуден соң президенттер Ак-Сай және Ворух тұрғындарының алдына шықты. Олар көршімен тату тұру қажеттігі туралы айтты. Екі ауылдың тұрғындары жанжалға жол бермеуге уәде етті", - деді ол.

Тәжікстан президентінің баспасөз хатшысы Абдулфаттох Шарифзоданың хабарлауынша, Эмомали Рахмон мен Сооронбай Жээнбеков бұл кездесуде көрші екі елдің татулығы туралы әңгіме қозғаған.

Оның айтуынша, қазір екі елдің басшылары Исфарада келіссөз жүргізіп жатыр. Одан әрі келіссөз Шолпан-Атада жалғасады, сол жерде Исфара кездесуінің де қорытындысы шығарылады.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның 26-28 шілдеде Ыстықкөл облысына сапары барысында Тамчы және Бостери ауылдарының арасындағы жол қозғалысы шектеледі.

Президент Сооронбай Жээнбеков Ак-Сай ауылының тұрғындарымен кездесуде жағдайды жеке өзі бақылауға алғанын мәлімдеді. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады. Хабарларға қарағанда, Жээнбеков бұл ауылға Тәжікстанның Исфара қаласына бара жатқан жолда соққан.

"Әлеуметтік мәселелер шешіледі. Ең бастысы, арандатушылардың соңына ермеңдер", - деген президент.

Қырғызстанның Ак-Сай ауылы мен Тәжікстанның Ворух анклавында 22 шілдеде кешке жанжал өршіген. Қырғызстан мемлекеттік шекара қызметінің мәліметі бойынша, Ворух ауылының тұрғындары елді мекенге кіретін тұсқа флагшток орнатқан. Оған Ак-Сай тұрғындары қарсы шыққан. Дау кезінде тараптардың бірі қару қолданған.

23 шілдеде жанжал тағы ушықты. Сағат 16.00 шамасында тәжік тарапы оқ атып, қырғыз шекарашысы жараланды.

Жанжалдан Қырғызстанның 17 азаматы зардап шекті, 14 адам оқпен жараланды, үш адамға тас тиді.

Тәжік билігінің хабарлауынша, елдің бір азаматы оқтан қаза тапқан, жеті адам тастан жараланған.

Қырғызстан мен Тәжікстанның ортақ шекарасы 970 шақырымға созылып жатыр, соның 519 шақырымы ғана келісілген.

XS
SM
MD
LG