Ссылки доступа

Өзбекстан премьер-министрі өтемақы толық алмағандардың үйлерін сүруді тоқтатуды тапсырды


Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов өтемақы толық алмаған тұрғындардың үйлерін сүруді 27 шілдеден бастап толық тоқтатуды тапсырды.

Үкімет басшысы бұл тапсырманы шенеуніктерге видеоселекторлық жиналыста берген. Бұның алдында Хорезм облысына қарасты Үргеніш ауданында наразы топ жолды жауып, ал Қашқадария облысы Яккабаг ауданында жергілікті кәсіпкер үйін сүруге тапсырма берген шенеунікті өртеп жіберген еді.

Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, президент Шавкат Мирзияев үйлерді сүру проблемасын өзі қадағалап отыр. Үкімет басшысы 27 шілдеден бастап нысаналарды сүрудің жаңа тәртібі қабылданғанын хабарлады.

Айта кетерлік жайт, екі облыстағы наразылық әрекетінен соң бірқатар шенеунік жұмыстан босатылған.

Аудан басшысының орынбасарының үстіне бензин құйып, өртеген кәсіпкер Бахриддин Исомов Ташкентте абақтыда отыр. Кәсіпкердің ұлы Шарофиддин Даминовтың хабарлауынша, Қашқадария облысының басшысы Зафар Рузиев отбасымен кездесіп, олардың дүкені сүрілмейтінін, ал өтемақыны сот арқылы даулап алуға болатынын айтқан.

XS
SM
MD
LG