Ауруханаға жанжал болған күні 31 адам түскен. Қазір олардың 16-сы ем қабылдап жатыр. Қырғыз үкіметі өкілінің хабарлауынша, жараланғандарға материалдық көмек берілген.
Қырғызстанның Ак-Сай ауылы мен Тәжікстанның Ворух анклавында 22 шілдеде кешкісін жанжал өршіген. Қырғызстан мемлекеттік шекара қызметінің мәліметі бойынша, Ворух ауылының тұрғындары елді мекенге кіретін тұсқа флагшток орнатқан. Оған Ак-Сай тұрғындары қарсы шыққан. Дау кезінде тараптардың бірі қару қолданған.
23 шілдеде жанжал тағы ушықты. Сағат 16.00 шамасында тәжік тарапы оқ атып, қырғыз шекарашысы жараланды.
Жанжалдан Қырғызстанның 17 азаматы зардап шекті, 14 адам оқпен жараланды, үш адамға тас тиді.
26 шілдеде Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековтің шақыруымен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Қырғызстанға барған.
Үшкүндік кездесудің басты тақырыбы қырғыз-тәжік шекарасын делимитациялау мен демаркациялау болған. Қырғызстан президентінің баспасөз қызметі екі ел басшысы шекараны тездетіп бекітуге келісті деп қысқа ғана ақпарат берді. Ал Тәжікстан басшысының баспасөз қызметі кездесуде әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастыққа баса назар аударылды деп атап өтті.