Ссылки доступа

Белсенділер Өзбекстан үкіметінен Гүлнара Каримовамен келісім жасамауын талап етті


Өзбекстан азаматтық қоғамының бір топ белсендісі Швейцария, Франция, АҚШ, Гибралтар және Өзбекстан үкіметіне, әділет министрлігіне, прокуратурасына үндеу жолдады. Үндеу авторлары Гүлнара Каримованың ісі мен оның заңсыз активтерінің тағдырына қатысты әділдік талап етті.

"Каримова активтері бұғатталған Швейцария, Франция және басқа да елдердің үкіметтері бұл ақшаларды елге қайтарған уақытта, жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңға сүйеніп қана қоймай, адам құқықтарын да ескеруі тиіс" делінген үндеуде.

"Өзбекстанда екі тараптың: Гүлнара Каримова атынан оның қызы мен Швейцарияда адвокаты және өзбек билігі арасында құпия келіссөздер жүріп жатыр. Біздің білуімізге, Каримова 2014 жылы ақпанда үйқамаққа алынған, ал 2017 жылы Зәңгіатадағы колонияға ауыстырылған. 2018 жылдың маусымында оны Ташкенттегі қызының пәтеріне қайта ауыстырды. 2019 жылы наурызда Каримованы Зәңгіатадағы колонияға отырғызды. Біздің білуімізше, Каримованың активтерді қайтаруға келісімін алу үшін оны түрмеден босатып, емделеді деген желеумен шетелге жібереді. Гүлнараның атынан сөйлегендер де оның бұғатталған активтеріне таласып отыр, сол арқылы Каримованың бақуатты өмір сүруіне жағдай жасағылары келеді" деп жазды белсенділер.

Гүлнара Каримова атынан 2019 жылы 23 маусымда жасалған соңғы мәлімдеме бойынша, ол Швейцариядағы 131 млн швейцариялық франкты қайтаруға келісім берген, егер оны түрмеден босатса, қалған 555 млн швейцариялық франкті де қайтаруға келісім беруге дайын.

"Өзбекстан үкіметінің бұл шартпен келісер-келіспесін біз білмейміз, бірақ біз оны колониядан босатып, үйқамаққа ауыстыруы мүмкін деп ойлаймыз. Мұндай келісімді Өзбекстан үкіметінің ірі көлемде пара алуы деп санаймыз" делінген үндеуде.

Тергеу нұсқасы бойынша, Каримова шетел компанияларынан Өзбекстанның телекоммуникация нарығына кіруі үшін шамамен 1 млрд доллар пара алған. Кейін ол ақшаны офшордағы компаниялар арқылы өткізіп, әлемнің түрлі елдерінен жылжымайтын мүлік сатып алған.

Шамамен 555 млн швейцариялық франк Швейцария есебінен табылды. Тағы 200 млн доллар әлемнің басқа да елдеріндегі есептерде жатқаны анықталды. Өзбекстан билігі бұл ақшаларды елге қайтаруға күш салып жатыр.

XS
SM
MD
LG