Ссылки доступа

Қырғызстан арнайы қызметі Құрманбек Бакиев туралы жағымды ақпарат берген БАҚ-қа ескерту жасады


Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті елдің бұрынғы президенті, шетелге қашып кеткен Құрманбек Бакиев пен оның туыстары туралы жағымды ақпарат берген медиаға қатаң ескерту жасады.

«Аталған материалдың авторлары оның салдары ауыр болатынын әлі түсінбеген секілді. Осыған байланысты ҰҚМК қатаң ескерту жасайды», - делінген мәлімдемеде.

Арнайы қызмет Құрманбек Бакиев пен оның туыстарының елде ауыр қылмыс жасады деп айыпталғанын еске салып, олардың іздеуде екенін ескертті.

30 шілдеде NewTV телеканалы Қырғызстанның бұрынғы басшысы Құрманбек Бакиев жайлы деректі фильм көрсетті. Әлеуметтік желі қолданушылары мұны Бакиевті ақтауға тырысу бағалады.

Осының алдында Азаттыққа сұқбат берген туыстары Құрманбек Бакиевтің 70 жылдығына орай деректі фильм түсіріліп жатқанын айтқан. Ол 1 тамызда 70-ке толады.

Қырғызстанда Құрманбек Бакиев елді отбасылық-кландық жүйеде басқарды деп айыптап, 2010 жылдың сәуір айында революция арқылы оны биліктен кетірді. Оқиға кезінде 87 қырғызстандық қаза тапты. Ондаған адам жараланды. Сәуір оқиғасына байланысты Құрманбек Бакиев сырттай 30 жылға сотталды.

XS
SM
MD
LG