Ссылки доступа

Мирзияев бұйырған соң үш шенеунік Өзбекстан халқынан кешірім сұрады (видео)


Қашқадария, Ферғана және Хорезм облыстарының басшылары, президент Шавкат Мирзияевтің бұйрығымен, халықтан кешірім сұрады.

Үш әкімнің халықтан кешірім сұрауы басылған бейнежазба әлеуметтік желілер арқылы тарады.

Ферғана облысының басшысы Шухрат Ганиев Ришт ауданының тұрғындарымен кездесіп, бұл ауданда баспаналар заңсыз сүрілгенін мойындады, халықтан кешірім сұрады.

Бұған қоса ол ауданда заңсыз баспана сүруге қатысы бар 14 қызметкер жұмыстан алынғанын айтты.

Ферғана облысы басшысынан соң Қашқадария аймағының әкімі Зафар Рузиев та халықтан кешірім сұрады.

Ол да үлкен қателік жібергенін айтты. "Яккабаг ауданында болған жайтқа облыс және аудан әкімшілігі кінәлі. Үкіметтен, мемлекеттен, халқымнан, журналистерден, кәсіпкерлерден мың мәрте кешірім сұраймын, олардың алдында басымды иемін", – деді Зафар Рузиев.

Хорезм облысының басшысы Фарход Эрманов та Өзбекстан халқынан кешірім сұрап, алдағы уақытта барлық шешімді халықтың рұқсатымен қабылдайтынын айтты.

Бұл уақытта, әлеуметтік желілерде үйлерді заңсыз сүріп, халықты мәжбүрлі жұмысқа салған басқа да облыс басшылары халықтан кешірім сұрауы тиіс деген талаптар айтылып жатыр.

XS
SM
MD
LG