Ссылки доступа

Қырғыз-тәжік шекарасында тағы бір жанжал тіркелді


Фото из архива

Тәжік-қырғыз шекарасындағы Тәжікстаның Бободжон Гафуров ауданы мен Қырғызстанның Лейлек ауданының тұрғындары арасында жанжал болды. Түрғындар арасындағы дау шекаралас екі аудан әкімшіліктерінің келіссөздерінен соң шешілген.

Оқиға 5 тамызда қырғыздың Максат ауылы мен тәжіктің Овчи Калъача ауылының тұрғындары арасында болған. Овчи Калъача ауыл кеңесінің басшысы Гайратжон Гадобоевтың Азаттық радиосына хабарлауынша, ауыл тұрғындары Құрбан айт мерекесі қарсаңында N 8 орта мектептің футбол алаңын жөндегісі келген, бірақ қырғыз шекарашылары оған кедергі жасаған. "Шекарашылар бұның даулы жер екенін, Тәжікстан тұрғындары мұнда болмауы керектігін айтқан. Бірақ бұл - Тәжікстан аумағы", - деді Гадобоев.

Қырғызстан Мемлекеттік шекара қызметінің баспасөз хатшысы Гүлмира Борубаеваның мәлімдеуінше, жанжал қырғыз-тәжік шекарасының мәртебесі анықталмаған жерінде болған. "Футбол алаңына Тәжікстан азаматтары жиналған. Бірақ бұл жер қырғыз-тәжік шекарасының мәртебесі анықталмаған бөлігіне жатады. Оқиға орнына қырғыз шекарашылары барып, бұл жерде ешқандай жұмыс жүргізілмеуі керектігін ескерткен. Түсінбеушіліктер болған, бірақ түсіндіру жұмыстарынан соң Тәжікстан азаматтары алаңнан кеткен", - деді Борубаева.

"Новости Таджикистана и Центральной Азии" ақпарат агенттігінің хабарлауынша, бұл жерді қырғыз азаматтары базар ретінде пайдаланады, сол себепті олар алаңның жөнделуіне қарсы шыққан болуы мүмкін.

Еске салайық, 2018 жылы 4 маусымда Максат ауылында жанжал болды. Сол күні тәжік шекарашылары футбол алаңынан Қырғызстан азаматтарын қуып шыққан. Одан соң тәжік және қырғыз шекарашылары арасында жанжал болып, тәжік шекарашылары қару қолданған - ескерту оғын атқан.

Тәжік-қырғыз шекарасында осы тәріздес жанжал екі апта бұрын Ворух-Аксай ауылдары арасында болды.

Тәжік-қырғыз шекарасы 976 шақырымға созылып жатыр, соның қазіргі таңда шамамен 500 шақырымының ғана мәртебесі анықталған.

XS
SM
MD
LG