Ссылки доступа

Қырғыздың Солтон-Сары кеніндегі жанжалдан соң 20 адам ауруханаға түсті


Қырғызстандағы Солтон-Сары кенінде 6 тамыздағы жанжалдан соң Нарын облыстық ауруханасына 20 адам түсті.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, олардың барлығының басы зақымданған.

"Науқастардың жағдайы бірқалыпты деп бағаланды. Ем қабылдап жатыр, барлық дәрілер бар" делінген министрлік хабарламасында.

ІІМ мәліметі бойынша, "қазір Нарын ауданында жағдай тұрақталды, жергілікті билікпен бірге түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр".

Нарын облысының тұрғындары Солтон-Сары кенінен қытайдың Jhong ji Mining компаниясының техникасы мен қызметкерлерін алып кетуді талап етіп отыр. Азаттық радиосы тілшісінің хабарлауынша, оқиға орнына бірінші вице-премьер-министр Кубатбек Боронов, ішкі істер министрі Кашкар Жунушалиев және Мемлекеттік жазаны орындау қызметінің төрағасы Мелис Турганбаев келді.

Шенеуніктер жергілікті билікпен бірге жиналған тұрғындармен келіссөз жүргізуге тырысты, бірақ наразы халық қытай компаниясының қызметкерлерін кеннен шығарып, жұмысты тоқтатуды талап еткен. Билік олардың талабын үш сағаттың ішінде орындамаса, халық оны өздері жасайтынын ескерткен.

Премьер-министр Мұхаммедкалый Абылгазиев Солтон-Сары кеніндегі жағдайға қатысты жиналыс өткізді. Абылгазиев ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Еске салайық, 3 тамызда Солтон-Сарыда жергілікті тұрғындар мен компания өкілдері арасында жанжал болып, Оттук ауылының екі тұрғыны зардап шеккен. Қазір олар ауруханада жатыр. Қытай компаниясының 12 өкілі Нарын аудандық ішкі істер бөлімінде тергеуден өтіп жатыр. 4 тамызда пикетке 30 адам шықты. Ал келесі күні наразылыққа жиналғандар саны 500-ге жетті. Жергілікті тұрғындар қытай компаниясының қызметкерін соққыға жыққан.

Jhong ji Mining компаниясы Солтон-Сары кенін барлауға рұқсатты 2012 жылы алды. Биыл компания құрылыс комбинатын салуды жоспарлаған. Кенде 11 тонна алтын қоры бар. Компанияда шамамен 160 жергілікті тұрғын жұмыс істейді. Кәсіпорындағы орташа жалақы - 20-25 мың сом.

XS
SM
MD
LG