Ссылки доступа

Әндіжан билігі экспорт жоспарын орындау үшін шаруалардан ақша жинап жатыр


Өзбекстанның Әндіжан облысы Избаскан ауданында шаруаларға әр гектарға 30 мың сум ($3,5) "оброк" төлеу міндеттелген. Бұл қаражатты Әндіжан облысының экспорт жоспарын "орындау" үшін жинап жатыр деді арызданған шаруалар.

Әндіжан қаласының өндіріс аумағындағы кәсіпкерлердің мәлімдеуінше, билік оларды міндетті экспорт ақысының 0,1 пайызы көлемінде айыппұл төлеуге мәжбүрлеген, бірақ олармен экспорт келісімі жасалмаған.

Облыс және аудан билігі шаруалар шағымына қатысты пікір білдіруден бас тартты.

Аудандағы шаруалардың айтуынша, олардан ақшаны экспорт көлемін көбейтіп көрсету үшін жинап жатыр. "Біз Ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі басқармаға 1,5-2 миллион сум ($170-$230) төлеуіміз керек. Бірақ бізге ешқандай құжат - квитанция бермейді. Сонда біз ақшаны бекер беруіміз керек пе?" - деп ашуланды шаруалардың бірі.

Әндіжан облысындағы есімін атауды жөн көрмеген шенеуніктің айтуынша, осы арқылы аймақ президенттің экспорт туралы жарлығын орындауға тырысып жатыр.

"Экспорттамасаңдар, менің көзіме көрінбеңдер дейді президент. Бізде экспорт жүйесі дұрыс жолға қойылмаған. Мысалы, Әндіжан облысында экспорт бір адамның қолына шоғырланған. Бізде экспорт көлемі қағаз жүзінде ғана көрсетіледі, шын мәнінде бұның барлығы - президентті алдау. Жемқорлық схемасының бір ұшы Ташкентке барып тиеді", - деді дереккөз.

XS
SM
MD
LG