Ссылки доступа

Тоқаев Арыстағы жарылысқа байланысты экс-министрді Қарулы күштер қатарынан шығарды


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы жарылысқа байланысты елдің бұрынғы қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақовты жазалап, оны Қарулы күштер қатарынан шығарды. Жасұзақов 2016 жылы қыркүйектен 2018 жылдың тамызына дейін Қазақстан қорғаныс министрі болған.

Бұдан бөлек, Тоқаев қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – қарулы күштер бас штабының бастығы Мұрат Бектановқа, қарулы күштер бас штабының экс-бастығы Мұрат Майкеевке, қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Талғат Жанжүменовке қатаң сөгіс жариялады.

Тоқаев оларды «өздеріне жүктелген міндетті дұрыс атқармады, қару қоймаларын көшіру және орналастыру кезінде кемшіліктер жіберді» деп айыптады.

Қазақстан президенті бұған дейін елдің қазіргі қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевқа да сөгіс жариялаған.

2019 жылдың 24 маусымында Арыс маңындағы қару-жарақ қоймасында жарылыс болды. Сол күні Арыс қаласынан 40 мыңнан астам адам жақын маңдағы елдімекендерге қашты. Жарылыстан үш адам қаза тапқан. Оның екеуі - әскери қызметкер, біреуі - бейбіт тұрғын. Жүздеген адам ауруханаға түскен. Солардың бірі 8 жасар Аян Ерболұлы 2 тамызда ауруханада көз жұмды.Арыстағы жарылыстан қашып бара жатқан оны көлік қаққан.

Биылғы жарылыстан кейін Арыс тұрғындары Шымкентте наразылық шарасын өткізіп, үкіметтен басқа аймақтан үй беруді сұраған. Бірақ Қазақстан билігі халық талабына қарамастан Арыс тұрғындарын қалаға қайтарып, жарылыстан бүлінген үйлерін жөндеп беруге уәде еткен. Нұр-Сұлтан Арыстағы жөндеу жұмыстары 1 тамызда аяқталады деген. Кейін жөндеу жұмыстарын аяқтау уақыты 21 тамызға дейін ұзартылды.

Арыс қаласында бұған дейін бірнеше рет жарылыс болған. 2015 жылы қарашада қаладағы полигон аумағындағы жарылыстан бір адам мерт болған еді. Ресми ақпарат бойынша, жарылыс әскери оқ-дәрі мен өндіріс қалдықтарын жою кезінде болған.

2014 жылы Арыстағы "Қазақжарылысөнеркәсібі" акционерлік қоғамы аумағында болған жарылыс салдарынан екі адам қаза тапқан.

Он жыл бұрын, 2009 жылы наурызда Арыстағы қоймада жарылғыш заттар жарылып, сақтаулы тұрған оқ-дәрі атылған. Ол оқиғадан төрт адам қаза тауып, жиырмаға тарта адам жапа шеккен еді. Ресми билік жарылысқа қоймадағы қарудың дұрыс сақталмауы және жарылғыш затпен дұрыс жұмыс істемеу себеп болды деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG