Ссылки доступа

Мирзияевтан сын естіген үш әкімге тағы бір мүмкіндік берілді


Өзбекстанның Қашқадария, Ферғана және Хорезм облыстарының басшыларына тағы бір мүмкіндік берілді. Олар аймақтарда азаматтардың жылжымайтын мүліктерін заңсыз сүргені үшін мемлекет басшысының сынына ұшыраған еді.

"Зардап шеккен тұрғындардың материалдық және моральдық шығынын өтеу оңай болмайтынын, облыс басшылары мен басқа да жауапты тұлғаларды қызметтен ала салып, олардың бүлдіргенін дұрыстауды басқаларға жүктеу салудың әділетті еместігін ескердік" делінген президент әкімшілігі мен министрлер кеңсесінің мәлімдемесінде.

Президент Шавкат Мирзияев сын естіген аймақ басшыларына азаматтардың мүліктерін қайта қалпына келтіріп, сенімге қайта кіру үшін тағы бір мүмкіндік беруді қолдаған.

Еске салайық, 2 тамызда Шавкат Мирзияев тұрғындар мен кәсіпкерлердің жылжымайтын мүліктерін заңсыз сүрген үш облыстың басшысын қатаң сынаған. Сол жиналыста президент үкімет басшысына үш әкімді қызметтен алу мәселесімен айналысуды тапсырған.

Бірнеше күннен соң әкімдер видеоүндеу жариялап, халықтан кешірім сұрады. Азаматтардың жылжымайтын мүліктерін заңсыз сүру әрекеті елдің бірқатар аймағында халықтың жаппай наразылығын туғызған еді.

XS
SM
MD
LG