Ссылки доступа

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі АҚШ-тың қанатты зымыран ұшыруын талқылады


АҚШ-тың қанатты зымыран ұшыруына байланысты Ресей және Қытайдың бастамасымен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысы өтті.

Онда Ресей мен Қытай Вашингтон әрекеті халықаралық қауіп төндіреді деп мәлімдеген.

БҰҰ жанында АҚШ тұрақты өкілінің міндетін атқарушы Джонатан Коэн Ресейді зымыран келісімін бұзды деп айыптады. Ол сонымен бірге Мәскеуді 8 тамызда Северодвинскідегі жағдайды түсіндіріп беруін талап етті. Бұдан бөлек Коэн Қытай зымыранын көбейтіп жатыр деді.

БҰҰ жанындағы Ресейдің тұрақты өкілі міндетін атқарушы Дмитрий Полянский әлем АҚШ амбициясына бола түгелімен қарулану үстінде деді.

Ал Қытай өкілі Лю Цзеи болса зымыранға қатысты келісімнің маңызды екенін атап өтіп, АҚШ пен Ресейді диалогқа шақырды. Ол АҚШ-тың Қытайды айыптауы негізсіз дейді.

Вашингтон 19 тамызда қанатты зымыран ұшырғанын хабарлаған. Бұл - зымырандар жөніндегі Ресеймен келісімнен шыққаннан кейінгі алғашқы сынақ. Снаряд 500 шақырым қашықтыққа ұшып, дәлдеген жеріне жетті.

Құрама Штаттар 1987 жылы Совет одағымен алыс және жақын қашықтықта зымыран ұшыруға тыйым салу жөнінде келісімге келген. АҚШ Ресей бұл шартты бірнеше жыл қатарынан бұзып отыр деп есептеп, аталған келісімнен 2 тамызда шықты.

XS
SM
MD
LG