Ссылки доступа

Өзбекстанда жүздеген кенші ереуілге шықты (видео)


Өзбекстанның Сұрхандария облысындағы "Шаргункумир" компаниясының шамамен 200 кеншісі 14-15 тамызда наразылық акциясын өткізді.

Көмір өндірумен айналысатын кәсіпорынның 200-ге жуық кеншісі 14 тамызда таңертең шахта маңындағы алаңға жиналған. Олар еңбек жағдайының нашарлығына, кәсіпорын басшылығының әділетсіз шешімдеріне наразылық білдірді.

"14 тамызда біз жұмысқа шықтық, бірақ жұмыс істеуден бас тарттық. Кеншілердің барлығы басшылықпен кездесуді талап етті. Директор Анвар Очилдиев келді. Кеншілер директормен жанжалдасып қалды. Сосын мұнда ішкі істер органдарының онға жуық қызметкері келді. Аудан әкімі де келді. Олар біздің мәселемізді шешіп беруге уәде етті. Біз келістік. Сол күні ешкім жұмыс істемеді", - деді ереуілге қатысқан кенші.

Оның айтуынша, сол күні кешке компания кеңсесінде аудан басшылығы наразы кеншілермен тағы кездескен.

"Кездесуді аудан басшысы өткізді. Ол басқа нәрселер айта бастады. Кәсіпорын басшысын ауыстыру туралы сөз болмады. Кеншілер бұған наразы болды", - деді ол.

15 тамызда кеншілер ереуілі жалғасқан. Олар жалақының мардымсыз екеніне наразы болған.

"Біз көмір өндіру үшін жер астына түсеміз. Ауыр еңбегіміз үшін бар болғаны 1 миллион сум (100 доллардан сәл асады) төлейді. Мұндай айлыққа қалай күн көруге болады? Кеншілер еңбегін бағаламайды", – деді олар.

"Шаргункумир" кәсіпорынының директоры Анвар Очилдиев кеншілер ереуілі туралы ақпаратты растады.

"Айлық Еңбек министрлігінің тарифі негізінде белгіленген. Мен одан артық төлей алмаймын. Ташкенттен келген комиссия кеншілердің наразылығына негіз жоқ деген қорытынды шығарды. Мен бүгін комиссия мүшелерін шығарып салдым", - деді Анвар Очилдиев.

XS
SM
MD
LG