Ссылки доступа

Мәскеуде бір топ тәжікстандық гей-отандасын соққыға жыққан


Мәскеу облысында бір топ тәжікстандық гей-отандасын кездесуге алдап шақырып, оны соққыға жыққан, қорлаған және ақша бопсалаған.

"Стимул" ЛГБТ бастамашыл тобының заңгері Антон Рыжовтың хабарлауынша, 27 жастағы Әли (есімі өзгертіліп берілді) ұйымнан көмек сұраған.

Әли алты жылдан бері Ресейде кафе және сауда орталықтарында жұмыс істейді. Оның айтуынша, тамыз айының басында "Одноклассники" әлеуметтік желісінде жас жігітпен танысқан. Бірнеше күннен соң ол Мәскеу шетінде кездесу белгілеген. 9 тамызда Әли бейтеныс жігітпен жүздесуге барған. "Оның үйінің табалдырығын аттай бергенім сол еді, бізді үш жігіт күтіп тұрғанын көрдім. Олар мені тапаншамен қорқытты, ұрды. Мені "кәпір" деп балағаттады", - деді Әли.

Олар Әлиді жәбірлеген сәтін видеоға түсіріп алып, оны туыстарына жолдаймыз деп қорқытқан, ақша талап еткен. "Мен таныстарыма хабарласып, ақша іздедім. Бір танысым ақша жіберуге келісті. Таңға дейін үстелде отыруға мәжбүр болдым, олар маған тұруға да рұқсат бермеді", - деді Әли. Оның айтуынша, келесі күні таңертең осы үйге тағы бір жігітті алдап шақырып, оны да соққыға жыққан.

"10 тамызда мені ұрған жігіттердің бірімен көшеге шықтық, сенбі күні ақша айырбас пунктері жабық болды. Оның дүкенге кірген сәтін пайдаланып, мен қашып кеттім", - деді Әли.

Жәбірленушінің айтуынша, туыстарының ешқайсысы оның сексуалдық қалау туралы білмейді. Әли қорқып қалған, өйткені оған шабуылдаған адамдар бостандықта жүр.

"Стимул" ұйымының хабарлауынша, Тәжікстан азаматтары мұнда бірінші мәрте көмек сұрап келген. Бұған дейін ұйым Өзбекстан, Қырғызстан және Солтүстік Кавказ тұрғындарына көмек көрсеткен. Жыл басынан бері ұйымға 90-ға жуық ЛГБТ өкілдері арызданған.

XS
SM
MD
LG