Ссылки доступа

Ұлыбритания патшайымы Брекзит алдында парламент жұмысын тоқтатады


Британия патшайымы Елизавета II премьер-министр Борис Джонсонның парламент жұмысын тоқтата тұру туралы өтінішін қанағаттандырды.

Парламент жұмысын тоқтату 9-12 қыркүйек аралығында күшіне енеді және 14 қазанға дейін созылады.

Үкіметтің ұсынысына сәйкес, патшайымның жаңа сессияны ашу дәстүрі 14 қазанға белгіленеді. Джонсон парламенттің ісін тоқтату туралы шешімнің Брекзитке еш қатысы жоқ екенін айтып отыр.

Оппозиция өкілдері Джонсонның қадамын депутаттарды Брекзитті талқылауға әдейі қатыстырмау әрекеті деп атап, бұл Конституцияға қайшы келеді деп мәлімдеді. Оппозиция үкіметті бұл әрекеті үшін сотқа бермек.

Джонсон Еуропалық одақтан (ЕО) шығу кампаниясы лидерлерлерінің бірі.

Парламент Борис Джонсонға дейінгі премьер-министр Тереза Мэйдің Брюссельмен келісім жобасын үш рет қабылдамаған. Соңында бұл дағдарыс Тереза Мэйдің қызметінен кетуіне себепші болды.

Премьер-министр қызметіне өткен айда кіріскен Борис Джонсон 31 қазанға дейін Британия ЕО-мен арнайы келісімге келсе де, келмесе де ұйымның құрамынан шығатынын жариялаған.

Формалды түрде Джонсон үкіметі парламентте минималдық көпшілікке ие. Бірақ оның партиясында да Брекзиттен келісімсіз шығуға қарсы шыққан депутаттар бар және олар үкімет басшысына тосқауыл болу үшін оппозициямен бірігіп кетуі мүмкін.

Оппозиция референдум алдында ешкім сайлаушыларға Брекзиттен келісімсіз шығу мүмкіндігін ескертпеді дейді. Сарапшылардың есебінше, ұйымнан келісімсіз шықса, ел экономикасына қатты соққы болуы мүмкін.

2016 жылғы референдумның қорытындысы бойынша Ұлыбритания Еуропа одағынан биыл 29 наурызда шығуы керек болған. Бірақ келісім дайын болмағандықтан, 31 қазанға дейін созылған.

XS
SM
MD
LG