Ссылки доступа

Қырғызстанда шенеунік өзін "кепілдікке алды" деп сотталған белсендіні ақтауды сұрайды


Қырғызстанның Ыстықкөл облысының бұрынғы губернаторы Эмилбек Каптагаев қамаудағы саясаткер Садыр Жапаровтың ісі бойынша бас прокурорға ашық хат жазды.

Каптагаев Facebook арқылы жариялаған мәлімдемесінде өзін кепілдікке алу оқиғасы бойынша Садыр Жапаровтың қатысы болғаны жөнінде ешбір дәлел жоқ екенін айтқан.

Ол Садыр Жапаров Кенжебек Жумабаев деген адамның куәлігі бойынша абақтыға жабылғанын, Жумабаев жалған куәгерлік етіп видео мәлімдеме жасағанын атап өткен. Бұрынғы губернатор осы іс бойынша Жумабаев кінәлі деп табылып, сегіз жылға сотталғанына қарамастан бостандықта жүргеніне көңіл бөлген.

«Осыған байланысты Садыр Жапаровқа қозғалған қылмыстық істі қайтадан қарап, Кенжекбек Жумабаевтың рөлін анықтап, қайтадан тергеу жүргізуді сұраймын. Егер ол расында өтірік айтса, Садыр Жапаров ақталуы керек. Ал Кенжебек Жумабаевтың қадамдарына құқықтық баға берілуі керек», - деген ойын білдірген Каптагаев.

Құмтөр мәселесіне байланысты үкіметке қарсы мәлімдемесімен танымал болған Садыр Жапаров «2013 жылы Қаракөлде митинг ұйымдастырып, Ыстықкөлдің сол кездегі губернаторы Эмилбек Каптагаевты кепілдікке алды» деген айыптың негізінде 2017 жылдың наурыз айында қамауға алынған. 2018 жылдың маусым айында 11 жыл, алты айға сотталған. Жақында Шу облыстық соты Садыр Жапаровтың жаза мерзімін қысқартудан бас тартқан.

Оны жақтастары саяси қуғын көріп жатыр деп есептейді.

XS
SM
MD
LG