Ссылки доступа

Қырғыз үкіметі: Ыстықкөл маңындағы қорыққа барлау жүргізілмейді


Ыстықкөл аймағындағы "Сары-Чат – Ээр-Таш" қорығына барлау жұмыстары жүргізілген емес, жүргізілмейді де. Осылай деп Қырғызстан үкіметі баспасөз қызметінің жетекшісі Чынгыз Эсенгул уулу мәлімдеді. Ол 16 мың гектар жер "Құмтөрге" берілді деген ақпаратты теріске шығарды.

"Сары-Чат – Ээр-Таш" қорығына барлау жұмыстары жүргізілмейді. Мәселе қорық аумағына кірмейтін 16 мың гектар жер жайында. 2013 жылдан бері қорықтың аумағы өзгерген емес. Үкімет үшін мемлекет мүддесі жоғары тұрады. Стратегиялық келісімде жер туралы бір сөз жоқ. Бұл мәселе тіптен қаралмайды", - деді Эсенгул уулу.

Оның мәліметі бойынша, 1994 жылы Құмтөрге 10 мың гектар жер бөлінген. 1997 жылы қорық аумағы 26,6 мың гектарға жеткен. 2005 жылы өзгерістер енгізіліп, жалпы аумақ 26,3 мың гектарды құраған. 2009 жылы аумақ қайтадан 26,4 мың гектарға кеңейген.

Осының алдында Қырғыз үкіметі Centerra Gold Inc. компаниясымен стратегиялық келісімге келіп, Құмтөрге "Сары-Чат – Ээр-Таш" қорығы есебінен 16 мың гектар жер берілген туралы ақпарат жарияланды. "Қырғызалтын" ұлттық компания басқарма басшысы Алмаз Алимбеков Азаттықтың қырғыз қызметіндегі "Ыңғайсыз сұрақтар" бағдарламасында үкімет он жыл бұрын алған міндеттемесін орындады деген болатын.

"2009 жылы қабылданған концессиялық келісімге сәйкес, Құмтөрге қосымша 26 мың гектар жер берілді. Бірақ 2012 жылы үкімет қаулысымен оны 10 мың гектарға қысқартқан. Енді 2009 жылғы келісімге сәйкес, біз оларға 16 мың гектар жерді қайтарып бердік. Осының есебінен "Центерре" компаниясындағы акцияны 15-тен 33 процентке өсірдік", - деген еді Алмаз Алимбеков.

XS
SM
MD
LG