Ссылки доступа

Қазақстан билігі "Қытай экспанциясына" қарсы митингті "арандатушылық" деп есептейді


Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің (ҰҚСК) алғашқы отырысында сөз сөйлеп, елді "тұрақсыздандыруды мақсат етушілер жайында" айтты.

"Қоғаммен байланыс" ретінде құрылған кеңесте президент осы аптада басталған "Қытай экспансиясына" қарсы акциялар туралы айтты. Онда наразылық білдірушілер Тоқаевтың 11-12 қыркүйекте Бейжіңге жоспараланған сапарынан бас тартып, 55 инвестициялық жобаны жүзеге асырмауын талап еткен.

«Жалған сөздердің бәрі халықты отансүйгіштікке баулыған секілді болған адамдардан келіп отыр. Мұндай манипуляция арқылы олар халық бірлігін бұзып, тұрақсыздандыру мақсатын көздеп отыр», - деді Тоқаев. Бірақ олардың кімдер екенін нақты айтпады.

Кеңесте елдің ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Жаңаөзенде бас көтерген адамдар туралы пікірін білдірді.

«Менің ойымша, бәріміз үлкен арандатушылықтың куәсі болдық. Әлеуметтік желі арқылы жалған ақпарат тарап жатыр. Қазақстаннан бәрі жаппай көшіп жатыр, Қазақстан миллиондаған гектар жерін Қытайға берді деген жалған ақпарат тарап жатыр. Мұның бәрі өкінішке қарай, ксенофобия, русофобия, американофобия дегенді іліп, қазақстандықтарды тез алдай салуға болатынын көрсетеді», - деп мәлімдеді ақпарат министрі.

Ол мұның бәрі инвестициялық климатқа ғана емес, туристерді тартуға да кері әсерін береді деп атап өтті.

3 қыркүйектен бері елдің түкпір-түкпірінде жаңаөзендіктерді қолдау акциясы өтіп келеді. 2 қыркүйекте екі жүз шақты Жаңаөзен тұрғыны Қазақстанда Қытай ықпалының күшейгенін айтып, наразылық білдірген.

5 қыркүйекте Нұр-Сұлтанда өткен брифингте премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек Қазақстан мен Қытайдың бірлесіп жүзеге асырып жатқан жобалары жайлы ақпарат халыққа дұрыс жетпей жатқанын айтып, сыртқы істер министрлігіне қарасты инвестиция жөніндегі комитет толық ақпарат беруі тиіс деген.

XS
SM
MD
LG