Ссылки доступа

ШҚО соты Жәкішевтің апелляциялық шағымын қанағаттандырмады


"Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы жетекшісі Мұхтар Жәкішев.
"Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы жетекшісі Мұхтар Жәкішев.

10 қыркүйекте Өскемендегі Шығыс Қазақстан облыстық соты түрмеде отырған "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы жетекшісі Мұхтар Жәкішевтің апелляциялық шағымын қарап, оны қанағаттандырмады.

24 шілде күні Семей қаласының №2 соты түрмеде отырғанына 10 жылдан асқан 56 жастағы Мұхтар Жәкішевтің мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шығару туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан. Семей соты "Жәкішев мемлекетке келтірген 99,6 миллиард теңге көлемінде шығынды өтемеді" деген. Кейін ол апелляциялық шағым берген.

10 қыркүйекте өткен Өскемендегі сотта адвокат Нұрлан Бейсекеев судьядан отырысқа Мұхтар Жәкішевтің қатысуын қамтамасыз етуді талап етті. Бірақ судья Жәкішевті видеоконференциямен қосуға "техникалық мүмкіндік жоғын" айтты. Осыдан кейін адвокат сотты кейінге қалдыруды сұрады. Бірақ судья "арызды Жәкішевсіз қарай беруге болады" деп, адвокат шағымын қабылдамады. Осыдан соң Бейсекеев Шығыс Қазақстан облыстық сотының барлық судьясына сенімсіздік танытты. Судья адвокаттың бұл шағымын да қанағаттандырмады.

10 қыркүйекте Өскеменде сот апелляциялық шағымды қарап жатқан сәтте Алматыда белсенділер биліктен Жәкішевті босатуды талап етті. Мұндай шаралар елде бір айдан бері өтіп келеді.

Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы да мәлімдеме жасап, Қазақстан билігінен Жәкішевті дереу босатуды сұрады.

Мұхтар Жәкішев "Венада (Австрия) "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының заңсыз өкілдігін ашу арқылы пайда тапты, астыртын касса ұстады, күзетшісіне қосымша еңбекақы төлеп келген" деген айыппен 14 жылға сотталған. Түрмеде отырған кезде үшінші топ мүгедектігін алған Жәкішев өзіне тағылған айыптармен келіспейді.

Қазақстанда бірнеше айдан бері биліктен Мұхтар Жәкішевті босатуды талап еткен пикеттер мен наразылық шаралары өтіп келеді. Қазақстандағы құқық қорғаушылар Жәкішевті "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан.

XS
SM
MD
LG