Ссылки доступа

"Қытай жобаларына" наразылық өршіп тұрған тұста Тоқаев Қытайға барды


11 қыркүйек түнде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға ұшып барды. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Құрманғалидің хабарлауынша, екі күндік ресми сапары барысында Тоқаев Қытайда қазақстандық-қытай іскерлік кеңесінің алтыншы отырысына қатысады.

Бұған қоса, Қытай басшысы Си Цзиньпин, премьер-министр Ли Кэцянмен кездеседі, бірқатар іскерлік топтармен келіссөз жүргізеді.

Тоқаевтың Қытайға сапары қарсаңында Қазақстанның бірнеше қаласында "Қытай жобаларына қарсы" наразылық акциялары өтті. Оған қатысушылар биліктен елдегі "Қытай зауыттарының жабылуын", Қазақстанның көрші елмен қарым-қатынасын шектеуін талап етті.

7 қыркүйекте Алматыда өткен "Халық құрылтайында" азаматтар президенттен "ресми сапары барысында Қытайдан қарыз алмауды, жаңа жобалар бойынша келісім-шарт жасаспауды" талап етті.

Наразылық акцияларына реакция білдірген қазақстандық билік өкілдері "Қытаймен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан жобалардың ел экономикасы үшін маңызды екенін, қазіргі кезде инвестициясыз алға жылжу мүмкін емесін" айтқан.

Бұған дейін Қытайдың Нұр-Сұлтандағы елшісі Чжан Сяо Қазақстандағы наразылықтардың артында жұртты "Қытайға және екіжақты қарым-қатынасымыздың дамуына қарсы қойып, жағдайды ушықтырғысы келетін күштер тұр" деп мәлімдеген.

Қытай – Қазақстанға ең көп инвестиция салған - төртінші, ең көп қарыз беруші үшінші ел. Қазақстанға инвестиция салу бойынша алғашқы үштікте Нидерланд, АҚШ және Швейцария тұр. Ұлттық банктің 2018 жылғы есебінше, Қазақстанның Қытай алдындағы қарызы 12 миллиард долларды құрайды. Қазақстаннның Голландияға – 49 млрд доллар, Ұлыбританияға – 21,4 млн доллар, АҚШ-қа 12,3 млрд доллар қарыз.

XS
SM
MD
LG