Ссылки доступа

Қырғыздың Араван ауданы тұрғындарына өзбек шекарасындағы жағдай түсіндіріледі


Ош облысының басшысы 10 қыркүйекте қырғыз-өзбек шекарасында жаппай наразылық танытқан Араван ауданы тұрғындарымен кездесіп, оларға жағдайды түсіндіреді.

Тұрғындар "Керкидан ауылындағы 400 гектар жерді Өзбекстанға 2017 басқа бір жер үшін алмастырған" деген мәліметтің рас-өтірігін білуді талап еткен. Жергілікті халық Керкидан су қоймасын қолдануға қатысты қиыншылықтардың тезірек шешілгенін қалайды.

"Шекара нақтыланып, оған президенттер қол қойған деседі. Біз қазір Байыш Юсуповқа бара жатырмыз. Ол жергілікті тұрғындармен түсіндіру жұмысын жүргізеді. Өзбек тарапы құжаттар мен карталарды көрсетті. Біздің Мемлекеттік тіркеу қызметінің өкілдері де карталарын әкеліп, оларды салыстырды", - деді Керкидан ауылының әкімі Мирлан Орозбаев.

Байыш Юсупов – Ош облысы басшысының орынбасары, мемлекеттік шекараны делимитациялау жәнедемаркациялау жөніндегі комиссияның мүшесі.

10 қыркүйекте Ош облысы Араван ауданында Керкидан су қоймасындағы жерге өзбек жауынгерлерінің қоршау орната бастауы жергілікті халықтың наразылығын туғызды.

Оқиға орнында түсірілген видеоларға қарағанда, жергілікті халық пен әскер қызметкерлері арасында дау шыққан, ал шекараның Өзбекстан жағында әскер техникасы тұрғаны байқалды.

Азаттық радиосы қырғыз қызметінің тілшісі Ыдырыс Исаковтың хабарлауынша, дәл осы сәтте Араван ауданына қарасты Тоо-Моюн айылдық округының тұрғындары шекара маңына тағы да жиналып жатыр. Олар Өзбекстан қоршауға алған жер Қырғызстанға тиесілі деп мәлімдеп, өзбек жауынгерлерінің бұл маңнан кетуін талап етті.

XS
SM
MD
LG