Ссылки доступа

БҰҰ Тәжікстанды халықты таза ауыз сумен тезірек қамтамасыз етуге шақырды


БҰҰ-ның қауіпсіз ауыз су және санитарлық қызмет құқықтары жөніндегі арнайы баяндамашысы Лео Хеллер Тәжікстан үкіметін халықты тез арада таза ауыз сумен қамтамасыз етуге шақырды.

Ол Тәжікстанға 2015 жылы барып, елдегі таза ауыз су мәселесімен танысқан. Төрт жылдан кейін дайындаған 17 беттен тұратын есебінде Лео Хеллер тәжік үкіметі су мәселесіндегі санитарлық жағдайды халықаралық талаптарға сәйкестендіру керек деп атап өтті.

Оның сөзінше, Тәжікстанда қала мен ауыл тұрғындары арасында ауыз су мәселесінде айырмашылық "жер мен көктей". Оның келтірген есебінде ауылды жерлерде су құбырларының тым ескіріп кеткендігі айтылған.

БҰҰ сараптамасына сәйкес, судың нашарлығынан денсаулық сақтау саласында проблема көп. Солардың бірі 5 жасқа дейінгі бала өлімі жиі кездеседі.

Тәжікстан 2008-2020 жылдарға арналған таза ауыз су бағдарламасын әлі күнге дейін толық жүзеге асыра алмай келеді.

Өз кезегінде Тәжікстан үкіметі судың сапасына әсер ететін өндіріс және ауыл шаруашылығы қалдықтарын жақсартуға бірқатар шаралар қолданылды деп отыр.

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық» қызметінің басшысы Жамшед Табарзода биыл шілде айында Душанбеде өткен баспасөз мәслихаты кезінде халықтың 62 проценті таза ауыз сумен қамтамасыз етілді деп мәлімдеді. Дегенмен тұрғындар таза ауыз су жетіспейтіндігін айтып жиі шағымданып келеді.

XS
SM
MD
LG