Ссылки доступа

Теміржолдағы апаттан соң тұрғындар көпір салуды талап етті


Автобус на месте аварии на железнодорожных путях. Алматинская область, 15 сентября 2019 года.
Автобус на месте аварии на железнодорожных путях. Алматинская область, 15 сентября 2019 года.

Қыркүйектің 15-і күні кешке Алматы облысы Шамалған станциясында пойыз бен автобус соқтығысып, бір адам қаза болды. Ресми орындар ауруханаға түскен үш адамның халі ауыр екенін айтады. Апаттан кейін ондаған жергіліікті тұрғын теміржолды жауып, пойыз өтетіін көпір салуды талап етті.

Ресми орындардың хабарлауынша, тыйым салатын белгіге қарамастан "теміржол өткеліне шығып кеткен автобусты" жүйткіп келе жатқан пойыз соғып өткен.

Әлеуметтік желіде тараған видеоларда өткелде кептеліп тұрған автокөліктер, жартылай жабылған шлагбауым мен теміржолды кесіп өтетін жолда көлік қозғалысына тыйым салатын қызыл түсті шам жанып тұрғаны көрінеді. Кей куәгерлердің айтуынша, "автобустың алдында да, артында да көліктер тұрғандықтан ары-бері қозғалуына мүмкіндігі болмаған".

Жол апатынан автобус жүргізушісі қаза болды. Алдын ала мәлімет бойынша, 1979 жылы туған жүргізушінің есімі Бақытжан екені айтылады. Ресми орындар дерегінше, апат салдарынан зардап шеккен үш адам: бір әйел мен екі бала (2014 және 2016 жылғы) Қаскелең ауруханасына жеткізілген.

"Олардың жағдайы ауыр, бірақ қалыпты. Дәрігерлердің бақылауында. Облыс әкімінің тапсырмасымен аймақтың ең мықты дәрігерлері қазір сол ауруханаға жіберілді" деді Алматы облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел қыркүйектің 15-і күні сағат 22.30 шамасында Азаттық тілшісіне.

Ресми орындардың дерегінше, апатқа ұшыраған №456 "Алматы-Қаскелең" бағыты бойынша қатынайтын Setra маркалы жолаушы автобусында 45-тен 67-ке дейін (нақты дерек жоқ) адам болған.

Алматы облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел "алдын ала мәлімет бойынша, автобус пойызға соғылардан бұрын теміржолда тұрып қалған кезде кондуктор салоннан біршама жолаушыны сыртқа шығарып жіберген" деді.

Алматы облыстық полиция департаменті теміржол өткеліндегі апатқа байланысты екі бап бойынша ("Темiржол, әуе, теңіз немесе өзен көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу" туралы 344-бап және "Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу" туралы 345-баптың "абайсызда адам өліміне әкеп соққан" тармағы) қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

- Тергеу амалдары басталды. Жол апатының себебі анықталып жатыр. Оқиға орнында полиция қызметкерлері жүр. Оқиға себебіне байланысты әркім әрқалай айтып жатыр. Бірақ тергеу амалдары біткен соң бәрі белгілі болады. Сараптама тағайындалып, себебі анықталады. Басшылар оқиғаны ерекше қадағалауға алды, - деді облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Көбейхан Нұрахмет Азаттық тілшісіне.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жол-көлік оқиғасына байланысты арнайы комиссия құрды. Оның құрамына Көлік комитеті мен "Қазақстан теміржолы" ұлттық компаниясы өкілдері кірді деп хабарлады министрлік.

Қыркүйектің 16-сына қараған түні Шамалған станциясына ондаған адам жиналып, жергілікті биліктен автобус пен пойыз жолы түйіскен тұсқа көпір салуды талап етті.

Оқиға орнында болған Азаттық тілшісінің хабарлауынша, тұрғындар "мұндай оқиға бірінші рет болып отырған жоқ, көпірге бөлінген ақша желініп қойды" деп ашуланып, "Көпір! Көпір!" деп айғайлады.

"Көпір мәселесін айтқанымызға қанша жыл болды. Балаларды да басып кетіп жатыр" деді олардың бірі. "Көпір саламыз деп жүргендеріне жеті жыл болды. 2017 жылы пайдалануға беріледі деген. Сол көпір қайда?" деп айғайлады наразы азаматтардың бірі.

Алматы облысы Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев "көпірге ақша бөлінгенбегенін, тек схемасы ғана жасалғанын", өзінің бұл қызметке бір жыл бұрын ғана келгенін айтып, тұрғындарды сабырға шақырды. "Сейсенбі күні таңертең келіңіздер, мәселені талқылайық" деген ұсыныс айтты әкім. Ақырында тұрғындар мен билік қыркүйектің 17-сі күні таңертең аудандық әкімдік алдында кездесуге келісіп, тарасты.

XS
SM
MD
LG