Ссылки доступа

Өзбекстанда мақта теру науқаны басталды: бюджет қызметкерлері егістікте жүр


Өзбекстанның бірқатар аймағында 14 қыркүйекте мақта теру науқаны басталды. Өзбек шенеуніктерінің биыл азаматтарды мақта теруге мәжбүрлемейміз деген уәделеріне қарамастан, кейбір бюджет мекемелерінің қызметкерлеріне егістікке шығуды бұйырған.

14 қыркүйекте Әндіжанда бірқатар бюджет мекемесінің қызметкерлері мақта теруге шықты. Аймақтағы электр желілері кәсіпорының жұмысшылары бұған қарсы шығып жатыр.

"Бізге мақта теруге өз еркімізбен шығатынымыз жайлы қолхатты мәжбүрлеп жаздырып алды" деп арызданды олар.

"Ешкімді мақта теруге мәжбүрлемейді деген еді. Бірақ бізге егістікке баруға міндеттісіңдер деп айтты. Бізге: "Мақта тер, болмаса 500 мыңнан (500 доллар) 1 млн сум төле" дейді". Жалақымыз 1 млн сум ғана. Біздің мәселені тыңдар адам бар ма?" деп шағымданды бюджет қызметкерлері.

"Фаргоназот" кәсіпорынының жұмысшыларының айтуынша, басшылық мақта теруге бармағандар жұмыстан шығатынын ескерткен. "Бізге Жизақта сиыр қорада түнеп, сонда тамақтануға тура келеді. Біздің шыдамымыз таусылды", - деді кәсіпорын қызметкерінің бірі.

"Халық банкінің" Наманган филиалының қызметкерлерін де егістікке алып шыққан. Ал Әндіжан облысы Боз ауданында тұрғындардан мақта теруге өз еркімен шығатыны туралы қолхат жинап алған.

Өткен аптада Ұлттық ұланның Әскери-техникалық институты, ІІМ академиясы және Жоғары әскери кеден институты курсанттарынан өз еркімен мақта теруге баратыны туралы қолхат жинап алған.

Еске салайық, 12 тамызда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев мақта теруге оқушыларды, студенттерді және бюджет қызметкерлеріне мәжбүрлеп апаруға тыйым салған еді.

XS
SM
MD
LG