Ссылки доступа

"Желіде ҚДТ материалдарын бөлісті" деп айыпталған тұрғынның соты басталды


Нұр-Сұлтандағы №2 Сарыарқа аудандық сотында "Facebook парақшасында тыйым салынған ұйымның жазбаларын бөлісті" деп айыпталған тұрғын Серік Жахиннің соты басталды. Сотқа оның жақтастарымен қатар жергілікті белсенділер де көптеп жиналды.

60 жастағы Серік Жахин 7 маусымнан бері қамауда отыр. Оның үстінен "тыйым салынған ұйымның жұмысына араласты" деп (Қылмыстық кодекстің 405-бабы) іс қозғалған.

Тергеу материалдарына сәйкес, ол "Facebook" желісіндегі парақшасында Қазақстанда тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы жайлы материалдарды жүйелі түрде таратқан" деп айыпталған. Оның адвокаты Әсел Тоқаева Серік Жахинге қатысты қылмыстық істі тергеу барысында заң бұзушылықтар болды деп санайды. Ол Жахиннің іспен таныспағанын, қандай айып тағылып отырғанын білмейтінін айтып, судьядан істі прокуратураға қайтаруды сұрады. Прокурор Дамир Тағаев "адвокат өтінішін жартылай қанағаттандыру керек" деген уәж айтты. Аз үзілістен соң судья Ибрагим Әлкенов адвокат пен айыпталушыға 26 қыркүйекке дейін іспен танысуға рұқсат берілетінін, бірақ сотталушының іспен таныспағаны қылмыстық істі прокуратураға қайтаруға негіз болмайтынын айтты.

Серік Жахиннің өзі Азаттыққа іспен таныстыру туралы бірнеше мәрте прокуратураға жазғанын, өзінің мүлде кінәсі жоқтығын айтты.

– Бұл – менің жеке құқығым. Кімнің постымен бөліскім келсе де өз еркім. Мен өз пікірімді ғана білдірдім. Біреудің тыйымына бола өз принципімнен танбаймын. Сондықтан менің ешқандай кінәм жоқ, – деді ол Азаттыққа.

"Тыйым салынған экстремистік ұйым жұмысына қатысы бар" деген айып Серік Жахиннен басқа Нұр-Сұлтан тұрғындары Ақмарал Керімбаева мен Гүлмира Халықоваға да тағылған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар кеңесі Серік Жахинді "саяси тұтқын" деп таныған. Жахиннен бөлек белсенді Әнуар Әшірәлиев, көп балалы әйел Оксана Шевчук, жалғызілікті әйелдер Гүлзипа Жәукерова мен Жазира Демеуова де бар. Олардың барлығы да "тыйым салған ҚДТ қозғалысының жұмысына араласты" деп айып тағылған.

2018 жылы 13 наурызда Қазақстан соты ресми тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп тану және тыйым салуды сұраған бас прокуратураның өтінішін қанағаттандырған. Ақорданы сынаушы қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған қозғалыс материалдарын таратуға да тыйым салынды. Әблязов "Қазақстанда демократиялық және конституциялық реформаны" жүзеге асыруды мақсат тұтатын қозғалыс құрылғанын 2017 жылы сәуірде жариялаған еді. Әблязов ҚДТ-ның бейбіт, құқықтық мемлекет құруды көздейтінін айтып, оны "экстремистік ұйым" деп таныған сот шешімімен келіспейді.

Өткен жылдан бері Қазақстанда "ҚДТ-ға қатысы бар" деген күдікпен ондаған адам ұсталып, айып тағылған. Билік кейбірін жауапқа тартып, соттаған. ҚДТ туралы сот шешімінің "экстремистік ұйым" туралы жазылған тұсы бұлыңғыр әрі қайшылық бар деп санайтын заңгерлер жауапқа тартылғандар негізгсіз қудаланды дейді.

XS
SM
MD
LG