Ссылки доступа

Тәжікстанда үш баласынан айрылған әкеге арызын қайтарып алу үшін пәтер ұсынған (видео)


Хатлон облысы Темурмалик ауданында Бурихановтар отбасына бітімге келу үшін екі бөлмелі пәтер ұсынған. Бурихановтардың үш баласы жол құрылысшылары ашық тастап кеткен котлованда қаза тапқан еді.

Марқұмдардың ата-анасына арыздан бас тарту үшін екі бөлмелі пәтер ұсынған. Бұл туралы Баходур Бурихонов "Озоди радиосына" хабарлады. Билік бұл оқиғаға қатысты ешқандай пікір білдірмеді.

10 жастағы Нозанин, 7 жастағы Махджабин және алты жастағы Шахриёр 16 маусымда жол жөндеушілер қазып кеткен шұңқырға түсіп, қаза тапты. Баходур Бурихоновтың пікірінше, балаларының өліміне құрылысшылар кінәлі. Олар жергілікті өзен жағасында топырақ қазып алып, үлкен орды жаппай тастап кеткен. Уақыт өте келе алты метрлік шұңқырды су басқан. Балмұздақ сатып алуға шыққан балалар ол жердің қауіпті екенін байқамаған.

Жол құрылысын China Road қытай компаниясы жүргізген. Компания қайғылы оқиғаға қатысты мәлімдеме таратпады. Марқұмдардың ата-анасының шағымына ешкім назар аудармады. Аудандық прокуратурадағылар қаза тапқан балалардың денесінде зорлық іздері жоқ деп жауап берген.

Дегенмен Баходур Бурихоновтың айтуынша, Озоди радиосында жарияланған материалдан соң, аудан билігі мен прокуратура басқаша сөйлей бастаған. Дегенмен балалардың өліміне қатысты іс әлі қозғалмаған.

Кангурт-Балджувон-Ховалинг автожолы биыл 6 тамызда ашылды. Салтанатты шараға ел президенті Эмомали Рахмон қатысты.

XS
SM
MD
LG