Ссылки доступа

Түркияда депутаттың үйінде өзбек қызының денесі табылды


Түркия прокуратурасы 23 жастағы өзбек азаматы Надира Кадырованың өліміне байланысты тергеу ісін бастады. Оның денесі 24 қыркүйекте отставкадағы генерал, биліктің Әділет және даму партиясының депутаты Ширин Уналдың үйінен табылған. Жүрек тұсына оқ тиіп қаза тапқан.

Cumhuriyet басылымының жазуынша, марқұмның құрбысы тергеу барысында Надираның жезөкшелікпен айналысқанын айтқан.

"Мен Надираның жеңіл жүрісті болуына ешқашан түрткі болған емеспін. Мен Ташкентке тоқыма өнімін жіберемін. Осы кәсіппен ақша табамын. Менің қолымда барлық құжаттар бар, дәлел келтіре аламын", – деген Лейла Ниязова тергеу кезінде.

Надира Кадырова Түркияға жұмыс істеу үшін төрт жыл бұрын барған. Соңғы жылдары ол Ширин Уналдың қарт анасына қараушы болған. Оның денесі Анкарадағы Уналдың үйінен табылған. Жанында генералға тиесілі тапанша болған. Бұл уақытта Унал отбасымен бірге үйінде болған.

Надира Кадырованың денесі 25 қыркүйекте туған жеріне қайтарылды. Надираның үлкен ағасы Мухаммадали Кадыров журналистерге қарындасының жоғары оқу орнына түсу үшін емтиханға дайындалып жатқанын айтты.

Өткен аптада Анкарадағы Өзбекстан консулдығы Надираның туыстарына адвокат жалдайтынын мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG