Ссылки доступа

Ресейлік тележүргізуші Малахов қырғыз халқынан кешірім сұрады


Ресейлік тележүргізуші Андрей Малахов Қырғызстан тұрғындарынан қырғыз тілінде кешірім сұрады.

"Қырғыз халқының даналығында тыңдай біл, тыңдата біл деген сөз бар. Білместікпен айтылған сөздерім үшін кешірім сұраймын", - деді жүргізуші. Ол "кешірім сұраймын" деген сөзді қырғыз тілінде айтты. Ол бұл сөздерін Россия-1 телеканалындағы "Андрей Малаховпен тікелей эфир" бағдарламасында айтты.

Жанжал туғызған сюжет Малахов жүргізетін ток-шоуда көрсетілді. Сюжет Мәскеуде болған жол апаты жайында еді. Қайғылы оқиға салдарынан ресейлік ірі кәсіпкер Владимир Маруговтың 25 жастағы ұлы Александр қаза тапты.

Кәсіпкердің ұлы мотоциклмен аса қатты жылдамдықпен келе жатып таксимен соқтығысады. Такси жүргізушісі 22 жастағы Баткен облысының тұрғыны Исламбек Акбаров болған. Оқиғадан бірнеше сағат өткен соң Александр ауруханада көз жұмады. Ал Акбаров екі айға қамалады.

Малахов телехабарында "жол апаты тапсырыспен жасалынуы мүмкін, жүргізушіге (Акбаровқа) 100 мың доллар төлеген болуы мүмкін" деген.

Жүргізушінің бұл сөздері қырғызстандықтардың ашу-ызасын туғызды.

Бірқатар қырғыз саясаткерлері мен актерлары жүргізушіні айыптап, флешмоб ұйымдастырды. Олар #maLOHov хештегімен тележүргізушіден кешірім сұрауды талап етті. Тіптен бұл мәселе қырғыз парламентінде көтерілді.

Қырғызстанның сыртқы істер министрі де қалыс қалмады. 26 қыркүйекте дипломаттар Мәскеуде бұл мәселені көтерді. Ресейдегі Қырғызстан елшілігі Фейсбук парақшасына "Малахов - біздің батыр емес. Андрей Малахов жайында бір сөз айтуға болады. Адамды ренжіту оңай, бірақ мұнымен тұру қиын. Егер тұтас халықты ренжітсе, бұдан да ауыр болады" деп жазды.

Келесі күні елшілермен кездескен тележүргізуші қырғыз халқынан кешірім сұрады.

XS
SM
MD
LG