Ссылки доступа

Ресейде өзбек азаматтарын сабаған полиция қызметкерлері жұмыстан алынды


Ресейдің Мәскеу облысы Балашиха қаласында өзбек азаматтарын сабаған екі полиция қызметкері жұмыстан алынды.

Бұл туралы облыстық ішкі істер басқармасының баспасөз хатшысы Татьяна Петрова мәлімдеді:

— Қызметтік тексерудің қорытындысы нәтижесінде Балашиха қалалық полиция басқармасының екі қызметкері жұмыстан алынды. Олар заңға сәйкес жазаланады. Басшыларының қызметі төмендетілді. Мұнан бөлек тағы 10 қызметкер жауапкершілікке тартылды.

20 қыркүйекте Балашиха қаласында полициядан қашып, екінші қабаттың терезесінен секіріп кеткен екі өзбекстандық ауыр жарақат алып, жансақтау бөлімінде жатқаны хабарланған.

Жәбірленушілердің айтуынша, 20 қыркүйекте олар және екі жерлесімен Элёрбек Умаров деген қырғыз азаматының үйіне қонаққа барған. Сонда полиция қызметкерлері оларды сабай бастаған. Азаптаудан қашқан екі мигрант екінші қабаттың терезесінен секіріп қашуға әрекет қылған.

Осы оқиғадан кейін Өзбекстанның Мәскеудегі елшілігі Ресейдің ішкі істер министрлігіне, Бас прокуратураға және Тергеу комитетіне нота жолдаған. Осыдан кейін облыстық ішкі істер басқармасында қызметтік тексеру басталған.

XS
SM
MD
LG