Ссылки доступа

Азаттықтың қырғыз қызметінің тілшісіне қатысты іс қайта көтерілмек


Азаттықтың қырғыз қызметінің тілшісі Ыдырыс Исаковқа қатысты тоқтатылған іс қайта ашылады. Осылай деп Ош қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

30 қыркүйекте Ош тұрғыны «Исаков ірі көлемде ақша талап етті» деп арыз жазған, ол өзімен екі куәгерді алып келген.

Арызданушының айтуынша, Исаков «5 мың доллар немесе өзі мініп жүрген «Лексус» көлігін сұраған, болмаса Интернетке материал жариялайтынын айтқан». Дәл осындай арыз 4 сәуірде тіркелген. Бірақ дәлел болмағандықтан, іс тоқтатылған.

Ыдырыс Исаковтың өзі мұны жала деп есептейді. Ол Facebook парақшасына «бұл адам милиция полковнигі екенін ұмытып, қылмыс әлемінің белсендісі Кадыр Досоновтың (Дженго) өкіл баласы болып, кәсіпкер Жалил Атамбаевқа жұмыс істейді» деп жазды.

«Егер шефі кез келген себеп тауып, арыз жаз десе, ол қалай бас тартады? Сосын барып Ыдырыс ақша балап етті деген адамды сөкпеңіздер. Жәй, оның жағдайын түсініңіздер», - деп жазды журналист.

Ыдырыс Исаков – қырғыз қоғамында резонанс туғызған зерттеу мақалаларының авторы. 17 сәуірде Азаттықтың қырғыз қызметі "Ош: салықтан қашқан "кәсіпкерлер"деген материал жариялады. Онда жергілікті кәсіпкер Жалил Атамбаевтың қалайша салықтан жалтарғаны жайында зерттеу жүргізген. Ол – Оштағы ең бай адамдардың бірі.

Осы материалдан кейін қаржы полициясы кәсіпкерге қарсы қылмыстық іс қозғаған. Осыдан кейін Жалил Атамбаев журналист Исаковты сотқа берген. Бірақ біраз уақыттан кейін арызын қайтарып алған.

XS
SM
MD
LG