Өзбекстандық бірқатар әншілер әлеуметтік желі арқылы бұл шектеуге наразылықтарын білдірді. Әнші Муниса Ризаева өнер адамдарының негізгі табыс көзі тойдан келеді дейді.
Ол бір тойда төрт ән орындағаны үшін 800 доллар алады екен. Оның 450 долларын өзімен еріп келген, алты музыкантқа, екі үйлестірушісіне, жүргізуші мен оққағарына төлейтінін айтады.
– Олар да мен берген ақшаға отбасын асырайды. Менің тойлардан тапқан табысым ай сайын 150 адамды асырап отыр, – дейді әнші.
Жаңа ережеге қарсы Райхон, Улугбек Рахматуллаев, Мавлюда Асалходжаева, Рашид Холигов, Шахзода, Джахонгир Отажонов, Фаррух Закиров және Юлдуз Усманова секілді өнер жұлдыздары пікір білдірді.
Жаңа ережеге сәйкес, тойға шақырылатын қонақ саны 250-ден аспауы тиіс. Қызды ұзатар кездегі салтанатты көліктер шеру үшеуден артық болмауы тиіс. Ел президенті Шавкат Мирзияевтің өзі тойдағы ысырапты "көргенсіздік" деп атаған.
– 20 келі еттің орнына, кедей-кепшктің үйін жөндеп, ең болмағанда телевизор сатып әперіңдер, – деген президент 2018 жылы.
Өзбекстанда орташа еңбек ақы 2,1 млн сум (250 доллар) шамасында.