Ссылки доступа

Кәсіподақтың экс-басшысы Тоқаевтың рақымшылығынан бас тартатынын айтты


Тамыз айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев рақымшылығымен босап шыққан "Лайықты еңбек" кәсіподағының бұрынғы төрағасы ​Ерлан Балтабай 3 қазанда Алматыда жиын өткізіп, рақымшылықтан бас тартатынын мәлімдеді.

"Кәсіподақ ақшасын жымқырды" деп айыпталып, шілде айында 7 жылға сотталған Балтабай бейсенбі күні "Политон" клубына берген сұхбатында Еңбекші аудандық соты шығарған шешімді апелляцияға беретінін, өзін сот арқылы ақтауға күш салатынын жеткізді.

Президент Тоқаевқа ашық хат жазған белсенді биліктің кәсіподақ қызметімен еркін айналысуға мүмкіндік бермегенін айтып, "кәсіподақ басшысын таңдау бойынша жиналысқа да қатыстырмағанын" жеткізді.

Балтабайдың айтуынша, сот үкімі шыққаннан кейін кәсіподақ құжаттары үшінші адамға беріліп, осылайша "кәсіподақ тәуелсіздігінен айрылған". Ол "әу бастан-ақ қылмыстық іс осы мақсатты көздеді" деп тұжырымдады.

Жергілікті ақпарат агенттіктерінің жазуынша, "ПетроКазахстан Ойл Продактс" компаниясының "Лайықты еңбек" кәсіподағының өкілдері 3 қазанда өткізген жиында осыдан екі апта бұрын кезектен тыс конференцияда Балтабайды мүшеліктен шығарып тастағанын айтқан.

Өзін құрылтайшылардың бірі ретінде таныстырған Роза Нұрикеева жиында Ерлан Балтабайды "кәсіподақ ақшасын жымқырды" деп айыптап, биліктен "шара қолдануды" сұрады.

2018 жылы қыркүйек айында Ерлан Балтабайдың үстінен Қылмыстың кодекстің 189-бабы бойынша ("Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу" бабы) қылмыстық іс қозғалған. Балтабайдың үстіне кәсіподақтың мүшесі Роза Нұрикеева "кәсіподақ ақшасын ұрлады" деп шағым түсірген.

Бірнеше халықаралық ұйым кәсіподақ белсендісінің қуғындалуын сынап, Қазақстан билігін Балтабайды босатуға шақырды. Балтабай сот отырыстарында өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын, істің саяси астары барын айтты. Ал оның ісін қараған судья "Балтабайдың кінәсі толық дәлелденді" деді.

9 тамызда Құрбан айт қарсаңында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі тұтқын Ярослав Голышкин мен Ерлан Балтабайды рақымшылықпен босатқанын жергілікті БАҚ хабарлаған. Екі тұтқынның "өздеріне тағылған айыпты толық мойындап, президенттен өздерін босату туралы өтінгені", жазалары айыппұлмен ауыстырылғаны айтылды.

XS
SM
MD
LG