Ссылки доступа

Қырғызстан экс-президентінің ұлы: компаниямды тартып алуға әрекет етіп жатыр


Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың ұлы Сейитбек Атамбаев бизнес-омбудсмен Робин Орд-Смиттің атына ашық хат жазып, өзі басқаратын компаниясын тартып алуға әрекет етіп жатқанын айтты.

Ол бұл әрекетті елдің бұрынғы президентінің ұлы ретінде "саяси қуғындалу" деп бағалайтынын атап өткен.

Сейитбек Атамбаев үндеуінде өзі басқаратын компанияның ешқашан мемлекеттік тендерлерге қатыспағанын, қарапайым тұтынушыларға емес, тек ірі кәсіпорындаға ғана электр энергиясын жеткізіп келгенін мәлімдеді. Ол сонымен бірге ешқандай саяси партияға мүше емес екенін жеткізді.

"Президент Сооронбай Жээнбеков күш құрылымдарынан жеке бизнесті тексеруді тоқтатыңдар деп талап етті. Бірақ елде керісінше саясат жүріп жатыр", - деді бұрынғы президенттің ұлы.

31 қазанда ол басқаратын "Автомаш-Энерго" компаниясына әскери прокуратура қызметкерлері келіп тексеру жүргізген.

Сейитбек Атамбаев "Автомаш-Энерго" компаниясын 2003 жылдан бері басқарып келеді.

Әкесі Алмазбек Атамбаев Қырғызстанды 2011-2017 жылдар аралығында басқарды. Биыл президентке тиіспеушілік мәртебесінен айырылған оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, тамыз айында ұсталды. Қазір ол абақтыда отыр. Ол 2013 жылы қылмыс әлемінің белсендісі Азиз Батукаевті заңсыз босатты деп айыпталып жатыр.

XS
SM
MD
LG