Ссылки доступа

Қырғызстанда төлқұжат жанжалы: "Гарсу Пасаулис" компаниясы халықаралық сотқа жүгінеді


Е-төлқұжаттар үшін бланк дайындау тендерін жеңіп алған литвалық "Гарсу Пасаулис" компаниясы халықаралық төрелік сотына жүгінетінін Қырғызстан үкіметіне ескертті.

Компания президент Сооронбай Жээнбеков пен премьер-министр Мұхаммедкалый Абылгазиевке мәселені бейбіт жолмен шешу туралы хат жазғанын, бірақ жауап болмағанын хабарлады.

"Компания үкіметке жазда хат жазған. Жауап әлі келмеді. Екінші мәрте хат жолданды. Компания мәселесі сотқа жеткізбей, келіссөздер көмегімен шешуге дайын екенін хабарлады. Әйтпесе, компания төрелік сотына жүгінуге мәжбүр болады" деді компания адвокаты Бақтыбек Жұмашев.

Компания үкіметтен 12 млн евро, бұған қоса 50 млн евро өтемақы талап етіп отыр.

Қырғызстанда электронды төлқұжаттар 2019 жылдан бастап беріле бастауы керек еді. 2018 жылы Мемлекеттік тіркеу қызметі жаңа үлгідегі төлқұжатқа электронды бланк сатып алуға тендер жариялаған. Оған шетелдің бес компания қатысып, литвалық "Гарсу Пасаулис" жеңіске жетті. Бірақ немістің Muhlbauer ID Services және француздың IDEMIA France компаниялары "тендер кезінде ереже бұзылғанын" мәлімдеп, байқау нәтижесін жоюды талап етті.

Биыл ақпан айында тендер ережелерінің бұзылуына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Мемлекеттік тіркеу қызметінің өкілдері пара алған деген күдікке қалды. Бірнеше адам үйқамаққа алынса, қызметтің бұрынғы төрайымы Алина Шаиковаға іздеу жарияланды.

Мамыр айында Бішкектің ауданаралық соты тендер нәтижесін жойды.

XS
SM
MD
LG